Астана қалалық сотында «Рәміздер рухы – Конституция күші» акциясы аясында семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрмет мәдениетін қалыптастыру, қолдану тәртібін түсіндіру және патриоттық құндылықтарды насихаттау. Семинарға сот жүйесінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шараны ашқан Астана қалалық соты әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Культуманов мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы орнына тоқталып, оларға деген құрметті арттырудың маңызын атап өтті.
Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Мырзаханов орталықтың негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндады.
– Үкімет қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарға, оның ішінде балкондарға (45 градус бұрышпен), сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарға орната және орналастыра алады. Сонымен қатар Мемлекеттік Туды киім ретінде пайдалануға, оны төсек-орын, перде, дастархан, кілемше және өзге де жабын ретінде қолдануға тыйым салынады. Ал Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімдерде және спортшылардың арнайы киімінде пайдалануға рұқсат етілген. Бұдан бөлек, Мемлекеттік Туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға немесе оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейді. Аталған өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етеді деп есептейміз, – деді Әділхайыр Ерзатұлы.
Семинар барысында Геральдикалық зерттеулер орталығының Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Сұлтан Оразаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Әнұранының қалыптасу тарихы, символикалық мәні және қолданылу тәртібі туралы кеңінен баяндап, осындай семинарлар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, мемлекеттік рәміздерге құрметті нығайтуға және азаматтық қоғамның дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар мемлекеттік рәміздерге деген құрметті нығайтып, ұлттық бірегейлік пен патриоттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді.







