Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова 1912 жылы 8 наурыз күні дүниеге келген. Ол Мемлекеттік Әнұранға айналған «Менің Қазақстаным» әнін алғаш орындаған өнер иесі. Ол бұл әнді осыдан 70 жыл бұрын шырқады.
Жамал Омарова ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан тұлға. Ол Ташкент педагогикалық училищесінде оқыған. Музыкалық драмалық спектакльдердегі Мақпалдың, Қамқаның, Айманның образын жасады. Оның репертуарында «Бипыл», «Қараторғай», «Ертіс», «Ләтипа», «Шынарай» сынды қазақтың халық әндері болды.
Жамал Омарова көзінің тірісінде бүкіл елдің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді. Қазақ музыкасының жарық жұлдызы еді. Әндері радиодан күн сайын беріліп жатты. Өңірлерге гастрольдік сапармен барып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік оның қайталанбайтын дауысын ерекше ұнатты.
Жамал Омарова елін, жерін ән арқылы танытты. Жауапты концерттерде сахна төрінен табылды. Жұртшылықтың мақтанышына айналды.
1928 жылы Ташкентте өткен ортаазиялық балалар олимпиадасында Гран-при жүлдесін иеленді. Оның осы олимпиадаға қатысуына тамаша музыкант Құрманбек Жандарбеков себепші болған.
1934 жылдан бастап Жамал Омарова қазақ радиосында жұмыс істеді. Сол уақытта радиоға жұмысқа әйгілі композитор Евгений Брусиловский қабылданады. Әнші мен сазгердің шығармашылық достығы дәл осы кезде басталған.
Әнші репертуарының біраз бөлігін қазақ композиторларының әндері құрады. Ол Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», Бақытжан Байқадамовтың «Бөбегім» әнін керемет орындады.
Ол атақты өнер тарландары Жаппас Қаламбаев, Қали Жантілеуовпен бірге Қазақстанның барлық аймағында өнер көрсетті. Қытай, Ресей сахналарында ән салды.
Жамал Омарованың орындаушылық шеберлігіне нәзік музыкалық талғам, жоғары деңгейдегі кәсібилік тән еді. Оның дауысында өзгеше бір бай, қуатты қою үнмен қоса жағымды жұмсақ сарын, күмістей сыңғырлаған тазалық болды. Жүректен шымырлап шыққан қоңыр дауысы тыңдаушыны бір асқақ сезімге бөлейтін.
