«Кен орнын алғаш ашушы» төсбелгісі

«Кен орнын алғаш ашушы» төсбелгісімен Қазақстан Республикасының аумағында нәтижесінде пайдалы қазбалардың жаңа кен орны ашылған немесе белгілі кен орнының шегінде бұрын бекітілген қормен салыстырғанда кен орнының қорларын кемінде 2 есе ұлғайтатын жаңа жеке учаскелер, кен денелері, қыртыстары, қабаттары анықталған не дербес немесе кешенді өнеркәсіптік пайдалануға жарамды болып табылатын жаңа минералдық шикізат табылған іздеу және барлау жұмыстарын жүргізуге тікелей қатысып, шығармашылық бастама танытқан және оның ғылыми қажеттігін негіздеген Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар марапатталады.

«Кен орнын алғаш ашушы» төсбелгісі биіктігі 45 мм жиырма төрт бұрыштан тұратын қырлы жұлдыз нысанында сары түсті металдан (жезден) дайындалады, оған диаметрі 32 мм шеңбер ойып салынған.

Төсбелгі екі бөліктен тұрады: жоғарғы таған (аспа) және төменгі – төсбелгінің өзі. Төсбелгі шығыршық пен құлақша арқылы аспамен жалғанған.

Төсбелгінің беткі жағында (аверс) шеңбердiң ортасында Қазақстан аумағының контуры және үстінен геолог-барлаушылар еңбегінің рәміздері: бұрғылау мұнарасы және айқасқан геологиялық балғалар бейнеленген.

Шеңбердің жоғарғы жартысында ақ реңде қазақ тілінде шығыңқы алтын әріптермен «КЕН ОРНЫН АЛҒАШ АШУШЫ» деген жазу бар.

Шеңбердің ортасынан алтын сәулелер таралып шығады. Жиырма төрт бұрыштан тұратын қырлы жұлдыздың беті ақ және көк түстермен көмкерілген.

Төсбелгінің артқы жағы алтын түсті.

Төсбелгінің сыртқы жағында «КЕН ОРНЫН АЛҒАШ АШУШЫ» деген жазу орналасқан.

Аспаның тағаны көгілдір түсті кенеп түріндегі тікбұрыштан және алтын түсті паралельді шығыңқы екі жолақтан тұрады.

Төсбелгі киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.