Новости

Туды жаңартатын кәсіби мамандар тәжірибесін бөлісті    

Геральдикалық зерттеулер орталығының мамандары қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күніне орай Мемлекеттік Туды ауыстыратын мамандардың жауапты жұмысын насихаттау мақсатында Астана қаласы Нұра ауданында орналасқан «Атамекен» этно-мемориалды кешеніне барды. Нұра ауданы әкімдігі техникалық қызмет көрсету тобының басшысы Аружан Қойшекенова мен кезекші оператор Нұрлан Бақытқалиұлы Тудың қай уақытта, қалай жаңартылатыны туралы біраз мағлұмат айтты.

– Ту 110 метр биіктікке көтеріледі. Ұзындығы – 15, ені – 30 метр. Жалпы көлемі 450 шаршы метрді құрайды. Салмағы – 70 келі. Жаңбырлы күндері салмағы 100 келіге дейін жетеді. Туға реставрация жасау мүмкін болмаған жағдайда жаңа Ту орнатамыз. Әдетте Ту екі ай ішінде ескіреді. Кезекші операторлар жұмысын тыңғылықты түрде істейді. Үнемі қадағалап отырады. Оларды жұмысқа қабылдарда нұсқаулықты көрсетіп, негізгі міндеттерді егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Туды жоғарыға көтеріп, төменге түсіретін механизм (темір сымдар) қатаң бақыланады, – деді Аружан Маратқызы. 

Көк байрақты ауыстыру, жаңарту – маңызды рәсім. Кәсіби мамандардың сөзіне сүйенсек, Ту автоматтандырылған жүйе арқылы ауыстырылады. Ауа райының күрт бұзылуы салдарынан Ту уақытынан бұрын бүлінуі ықтимал. Сол себепті жауапты қызметкерлерге қырағылық қажет.

– Осы қызметті атқарып жүргеніме үш жыл болды. Туды түсіріп, көтеру кезінде темір сымдар оратылып қалуы мүмкін. Сондықтан жұмысты ұқыптылықпен істейміз. Жауапты қызметті сапалы атқару – басты міндетіміз, – деді кезекші оператор Нұрлан Бақытқалиұлы.

Мемлекеттік Туды уақтылы қадағалап, оның көк аспанда асқақ желбіреуі үшін жанын салып еңбек етіп жүрген мамандар осы жауапты жұмысты алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізбек. Туды жаңартатын қызметкерлердің жұмысы – нағыз еңбек, көпке үлгі.

Оставить отзыв