Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Тұран-Астана» университетінде «Менің Қазақстаным» акциясы аясында танымдық семинар өтті. Іс-шараның басты мақсат-міндеті – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру. Танымдық семинар барысында спикерлер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне кеңінен тоқталып, олардың символдық мән-мағынасы және тарихы туралы сөз қозғады.
Осы іс-шараға мемлекеттік құрылым, ғылыми қауымдастық өкілдері, сонымен қатар жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Ең әуелі «Тұран-Астана» университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сағат Нұрпейісов іс-шараның мән-маңызына тоқталып, спикерлерді таныстырды. Содан соң Геральдикалық зерттеулер орталығы Ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов орталықтың негізгі қызметі туралы баяндап, қазіргі таңда қазақ геральдикасының тарихын зерделеу, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған қоса мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі туралы айтып өтті.
Өз кезегінде Геральдикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов мемлекеттік рәміздердің тарихына тоқталып, қазақ геральдикасының тамыры тереңде екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар мұндай семинарлардың азаматтық қоғамды дамытудың нақты тетіктерін айқындауға және тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын жеткізді.
Спикерлер семинар қатысушыларының сұрақтарына толыққанды жауап қатты. Іс-шара квиз ойынына жалғасты. Белсенділік танытқандарға төсбелгі берілді.
Айта кетейік, бұл семинар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру бағытындағы маңызды бастама.





