Новости

Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады.

Мемлекет басшысы танымал спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинге World Boxing халықаралық федерациясының президенті ретінде көптеген мәселенің шешімін табуы қажет екенін айтты.

– Бүгінде спорттық мансабыңыздағы жаңа кезеңге аяқ бастыңыз. World Boxing федерациясының президенті болып сайландыңыз. Жұмыс енді ғана басталды. Алдыңызда атқаратын қыруар шаруа тұр. Сондай-ақ Сіздің жаһандық деңгейдегі спорттық құрылымды басқарып отырған алғашқы қазақстандық екеніңізді айта кету керек. Кәсіби біліктілігіңіз ұйымды жаңа белеске көтеріп, бокс көкжиегін кеңейтетініне сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Оған қоса боксты одан әрі дамытуға, осы спорт түрінің еліміздегі және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Оставить отзыв