Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясында танымдық семинар өтті. «Рәміздерге құрмет» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсат-міндеті – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру. Осы іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері мен оқушылар қатысты.
Танымдық семинар аталған мектептегі қоғамдық пәндер апталығына тұспа-тұс келді. Ең әуелі Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясы директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Майра Мырзахметова іс-шараның мән-маңызына тоқталып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру керектігін айтты.
Содан соң Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов орталықтың негізгі қызметі туралы баяндап, қазіргі таңда қазақ геральдикасының тарихын зерделеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған қоса мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі туралы баяндады.

Өз кезегінде Зерттеу және сараптама бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаев мемлекеттік рәміздердің тарихына, олардың символдық мән-мағынасына тоқталып, қазақ геральдикасының тамыры тереңде екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар мұндай семинарлардың азаматтық қоғамды дамытудың нақты тетіктерін айқындауға және тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын жеткізді.

Семинар барысында танымдық ойынға кезек берілді. Бұл ойынды Зерттеу және сараптама бөлімінің жетекші маманы Рамазан Маманов жүргізді. Ойын барысында мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтарға оқушылар белсенді түрде жауап қатты.
Жиын соңында мектеп қызметкерлеріне, оқушыларға естелік сыйлықтар, төсбелгілер берілді. Мектеп директорының орынбасары Майра Айыпханқызы Геральдикалық зерттеулер орталығының ұжымына ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, бұл семинар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру бағытындағы маңызды бастама.



