Новости
Posted in

Жаңа Конституция жобасы талқыланды 

Posted in

Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция жобасы: әділдік, заң және тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналды. Оған Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты, Қазақстандық қоғамдық даму институты, Жастар ғылыми-зерттеу орталығы, «Халық қазынасы» ҒЗИ, Мәдениеттерді жақындастыру орталығы және ҚР Ұлттық музейі қызметкерлері, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанттары, магистранттары қатысты.

            Іс-шараның мақсаты – жаңа жобадағы өзгерістердің тиімділігін айқындау, құқықтық мәдениетті ілгерілету бағытындағы тұжырымды ойлар мен идеяларды жинақтау.

           Дөңгелек үстел барысында Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Шерхан Талап іс-шараның мән-маңызына тоқталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және архив ісі комитеті Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова Конституция жобасындағы өзгерістерге тоқталып өтті.

Өз кезегінде жиынның басқа да қатысушылары конституциялық реформа және мемлекеттік рәміздердің құқықтық мәртебесі, мемлекеттік рәміздердің виртуалды кеңістікте қорғалуы бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Оған қоса құқықтық модернизация туралы сөз қозғалып, Ата Заң жобасындағы негізгі өзгерістер талқыланды. 

           ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындаған конституциялық реформаның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Іс-шара аясында бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. 

           Қазіргі кезеңдегі Конституциялық реформа –мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртудың және «Әділетті Қазақстан» құрудың заңды жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшу, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту басты назарда. 

             Осы орайда Конституцияның жаңа жобасын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сараптау, заңнамалық нормалардың қоғамдық санаға әсерін зерттеу және сала мамандарының сыни пікірлерін жинақтау елдің болашақ құқықтық архитектурасын қалыптастыру үшін аса маңызды.

Оставить отзыв