Новости
Posted in

Қазақтың ою-өрнегі ИСЕСКО тізіміне енді

Posted in

Қазақ халқының сан ғасырлық рухани болмысы мен дүниетанымын айшықтайтын дәстүрлі ою-өрнек халықаралық деңгейде мойындалды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілді. ИСЕСКО – ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы.

          Тиісті шешім 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында қабылданған. Бұл – ұлттық мәдениетімізді әлемдік кеңістікте насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Ою-өрнек – жай ғана әшекей немесе сәндік элемент емес. Ол – халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, философиясын бойына сіңірген этномәдени код. Әрбір сызық, әрбір бедер мен бейне ұлттың табиғатпен үндестігін, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін бейнелейді. Қазақы текемет, сырмақтан бастап, киіз үй жабдықтарына, зергерлік бұйымдары мен сәулет өнеріне дейін ою-өрнек ата-бабамыздың қолтаңбасындай сақталып келеді. Сондықтан да мұндай халықаралық мойындау ұлттық мұраны сақтау мен зерттеуге жаңа серпін береді. Сонымен бірге жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттырып, қолөнер мектебінің жандануына ықпал етеді. Өйткені, ою-өрнек – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір.

Ерлан Тынымбайұлының сөзіне сүйенсек, бұған дейін, яғни, 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, алдағы уақытта да еліміздің тарихи-мәдени нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмыстары жалғаса бермек. Бұл бастамалар ұлттық бірегейлікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанды әлемдік мәдениет картасындағы маңызды орталықтардың біріне айналдыруға жол ашады. Қазақтың ою-өрнегінің халықаралық мәртебе алуы – бабалар аманатына деген құрметтің, төл мәдениетке деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Өйткені, ұлттың рухани қуаты оның тарихи мұрасымен өлшенеді. Ал сол мұраны ұлықтау – әр буынның ортақ міндеті.

(Материал e-history.kz сайтынан алынды) 

Оставить отзыв