Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Сарапшылар клубының алғашқы отырысы өтті. Бұл – архив саласының болашағын ашық талқылауға арналған жаңа кәсіби алаңның бастауы.
Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестіруші кеңсесінің басшысы Куртмолла Абдулганиев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Эльмира Оразалиева, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Карсақбаева қатысты.
Сондай-ақ осы отырыста Геральдикалық зерттеулер орталығы Талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов, Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов және Талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаев болды.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафинаның мәлімдеуінше, бүгінде архивтер тек құжат сақтайтын орын емес. Цифрлық дәуірде архивтер елдің деректер қорын басқаруда маңызды рөл атқарады. Сарапшылар цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізудің тек техникалық процесс емес, деректермен жұмыс істеудің жаңа жүйесі екенін айтты. Болашақ архивші – тек қор сақтаушы емес, үлкен ақпаратпен жұмыс істейтін, оның түпнұсқалығын, сақталуын және қолжетімділігін қамтамасыз ететін маман екені баса айтылды.




