Биыл – Геральдикалық зерттеулер орталығы үшін мерейлі белес. Орталықтың құрылғанына 5 жыл толып отыр. 2021 жылы 31 наурызда өз жұмысын бастаған бұл мекеме ұлттық рәміздерді зерттеу, насихаттау жолында жүйелі әрі нәтижелі қызмет атқарып келеді.
Осы уақытқа дейін Геральдикалық зерттеулер орталығын Әлібек Асқаров, Асылбек Байжұма, Қалқаман Сарин сынды белгілі тұлғалар басқарды. Бүгінгі таңда ұжымға Шерхан Талап жетекшілік етеді.
Орталықта төрт құрылымдық бөлім бар. Әрқайсысы өз бағыты бойынша маңызды міндеттерді жүзеге асырады.
Зерттеу және сараптама бөлімі мемлекеттік рәміздер, наградалар мен геральдикалық белгілерді жан-жақты зерттеп, ғылыми негізделген сараптамалық қорытындылар мен әдістемелік ұсынымдар әзірлейді.
Ал Талдау және мониторинг бөлімі – мемлекеттік рәміздер мен наградалар саласындағы заңнаманың сақталуына жүйелі мониторинг жасап, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бағытында жұмыс істейді.
Орталық қызметін жұртшылыққа жеткізуде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бөлімінің рөлі айрықша зор. Бұл бөлім бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мазмұнды, танымдық әрі қызықты ақпараттар жариялап, түрлі бейнеконтент ұсынады.
Ал Құжаттама және кадр жұмысы бөлімі орталықтың ішкі жұмысын үйлестіріп, құжат айналымын реттейді, сондай-ақ кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз етеді.
Орталық жанында «Таңба» ғылыми-әдістемелік клубы бар. Клубтың негізгі міндеті – орталық қызметін тиімді басқару шешімдерін қамтамасыз ету және ғылыми негізделген шешімдер қабылдау. Оған қоса орталық және жергілікті атқарушы құрылым өкілдеріне мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау мәселелері бойынша консультациялық, әдістемелік көмек көрсету.
Орталық қызметкерлері өңірлік рәміздерді зерделеп, ел аумағындағы әртүрлі символдардың сырын ашады. Тіпті, әр мемлекеттің туына талдау жасап, оның мән-мағынасын түсіндіреді. Архив деректеріне сүйене отырып, рәміздердің қалыптасу тарихын зерттеп, сараптама жүргізеді.
Конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар арқылы мамандар мемлекеттік және білім беру ұйымдарында ұлттық рәміздерді насихаттайды.
Біздің ортақ мақсатымыз – қазақ геральдикасының бай тарихи мұрасын зерттеп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және олардың Қазақстан Республикасының Заңнамасына сай қолданылуын қамтамасыз ету.
Рәмізге құрмет – елге құрмет!
Рәмізге құрмет – негізгі міндет!
