27 сәуір күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес отырысы өтті.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова бірыңғай жаңа, атауы өзгеріске ұшыраған, сондай-ақ бірдей эскиздегі ведомстволық наградалар және «Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағы туралы айтып өтті. Сонымен қатар ведомстволық наградаларға қатысты Заңға өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Кейінгі кездері «өңірлік нышандарды «өңірлік рәмірдер» деп атау туралы ұсыныстардың бар екенін де назардан тыс қалдырмады.
Осы тұста Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың өңірлік нышандарының жай-күйі туралы баяндады. Жазира Ағабекқызы рәміз және нышан ұғымдарының ерекшеліктерін салыстыра отырып, рәміздің жалпыұлттық мәнге ие, саяси мәртебесі бар, ресми бекітілетін, заңмен қорғалатын таңбалық жүйе, ал нышанның белгілі бір аймаққа, ұйымға, әскерге, қалаға, мекемеге тән, құқықтық мәртебесі жеңілдетілген, мәдени-танымдық ақпаратты сақтайтын, мемлекеттік рәміз мәртебесіне ие емес таңба түрі екенін тілге тиек етті. Оған қоса рәміздердің мемлекеттік билік пен заңдарға қарай жылдар, ғасырлар бойы өзгермейтінін, ал нышандардың өңірдің жаңа даму саясатына, тенденцияларға, трендке байланысты өзгеруі мүмкін екенін айтты. Өз кезегінде Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов осы пікірге келісетінін мәлімдеді.
Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қабдылкаиров пен Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймағанбетов Алматы және Қарағанды облыстарының өңірлік нышандары жайында сөз қозғады. Кеңес аясында аталған өңірлік нышандар жобасы талқыланып, бірауыздан бекітілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова нышандардың графикалық стильде жасалғанын айтып өтті.
Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі бастығының орынбасары Мақсат Бекмұхамбетов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі нышанының эскизін таныстырып, оның сипаттамасына тоқталды. Аса маңызды мемлекеттік құжаттарды арнайы күзетпен, қауіпсіз түрде жеткізетін қызмет нышанының элементтеріне байланысты іс-шара қатысушылары ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салып, қолдау білдірді.
Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнаманы жетілдіру және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тақырыбында ой сабақтады. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сөзбен, жазбаша түрде, іс-әрекеттер арқылы немесе кез-келген басқа жолмен қорланбауы немесе төмендетілмеуі тиіс. Туды жыртуға, өртеуге, жерге лақтыруға немесе ұқыпсыз пайдалануға болмайды. Бұл заңға және жарғыға қайшы әрекеттер билік органдары тарапынан дереу тоқтатылуы керек және қажетті тергеу жүргізілуі қажет.
Кеңес барысында іс-шара қатысушылары қозғалған мәселелерге қатысты ой-пікірлерін айтып, өздерін толғандырған сауал-сұрақтарды алға тартты. Оларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова толыққанды жауап қатты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Оған қоса құжаттарға тиісті өзгертулерді енгізіп, тапсырмаларды уақтылы орындау қажет екенін айтты.





