Новости

Баяндамалар жинағына Геральдикалық зерттеулер орталығы Талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзахановтың мақаласы жарияланды

Студенттер мен жас ғалымдардың «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2025» ХIX Халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағына жарияланған мақаланы оқырман назарына ұсынамыз. Жинаққа студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және жас
ғалымдардың жаратылыстану-техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері бойынша материалдары енгізілген.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ РЕСМИ НАГРАДАЛАР ЖҮЙЕСІ: ТОЛЫҚТЫРУЛАР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап ұлттық марапаттар жүйесін қалыптастырып, оны үнемі жетілдіріп келеді. Бұл жүйе мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқарады. Ордендер, медальдар, құрметті атақтар мен төсбелгілер – мемлекет тарапынан азаматтардың ерен еңбегі мен ерлігін жоғары бағалаудың белгісі болып табылады.
Осы жұмыста Қазақстан Республикасындағы ресми наградалар жүйесі, оның құқықтық негіздері, негізгі марапат түрлері және олардың маңыздылығы, заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзекті мәселелер қарастырылады. Бұл тақырып еліміздің наградалар жүйесінің құрылымы мен оның қоғамдағы рөлі туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Еліміздегі ресми наградалар жүйесін келесідей топтастыруға болады:

  1. Мемлекеттік наградалар («Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» заңымен реттеледі) [1];
  2. Ведомстволық наградалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың наградалары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 Қаулысымен реттеледі) [2];
  3. Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың наградалары (Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығымен реттеледі) [3].

Қазақстан Республикасында ресми наградалар ретінде мемлекеттік наградалар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалары танылған. Олардан бөлек мерейтойлық наградалар, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің наградалары болуы мүмкін. Аталған награда түрлерімен Қазақстан Республикасының азаматтары жемiстi мемлекеттiк, қоғамдық, шығармашылық қызметi, еңбектегi және жауынгерлiк ерлiктерi үшiн, олардың Республикаға сiңiрген еңбегiнiң танылуының белгiсi ретiнде, саладағы мінсіз қызметі мен қажырлы еңбегі үшін беріледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары заңнамамен белгіленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі. Мемлекеттік наградалар қатарына ордендер, медальдар, құрметті атақтар жатады.
Еліміздің наградалар жүйесіне соңғы уақытта бірқатар маңызды толықтырулар мен өзгертулер енгізілген болатын.

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауды ұсынған болатын [4]. Аталған ұсыныстың негізінде инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 2676 Заңы келесідей құрметті атақтармен толықты: «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген инженері», «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы», «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» [1]. Яғни, құрметті атақтардың саны 6-дан 15-ке дейін ұлғайды. Бұл өз кезегінде жас мамандар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау, қоғам арасында олардың беделінің өсуіне ықпал ету және жұмысшы мамандықтарға құрметпен қарауды қалыптастыруға өз септігін тигізеді.

Бұған дейін аталған заңда «Айбын» орденіне қатысты да өзгертулер енгізіліп, Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі I дәрежелі «Айбын» орденіне, Бауыржан Момышұлы есімі II дәрежелі «Айбын» орденіне және Рахымжан Қошқарбаев есімі III дәрежелі «Айбын» орденіне берілген болатын.
«Айбын» ордені Мемлекеттік наградалар туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін және әскери, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін табысталатын награда.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік наградалар, ведомстволық наградалар және басқа да ресми марапаттар заңнамалық тұрғыда белгіленген. Олар мемлекеттің азаматтарды еңбегі үшін көтермелеу, патриоттық рухын нығайту және қоғамдық қызметке ынталандыру мақсатында беріледі. Алайда соңғы уақытта мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұқсас дизайнда жасалған, ресми мәртебесі жоқ марапаттардың пайда болуы байқалуда. Бұл жағдай қоғамда теріс әсерлерін тигізіп, мемлекеттік наградалардың беделін төмендету қаупін тудырады. Сондай-ақ, мұндай жалған марапаттар мемлекеттік наградалардың құндылығын төмендету, азаматтар арасында алдау мен жалған жетістікке ұмтылуды күшейту, қоғамда меритократия принциптеріне нұқсан келтіру сынды салдарға әкелуі мүмкін.
Осы тұста, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалар туралы заңының 42-бабына толықтырулар енгізіліп, сыртқы түрi, атауы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына толықтай немесе қандай да бір бөлігі ұқсас ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгiлер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды тағайындауға және жасауға тыйым салынды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының және Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік емес наградалармен наградтауға жол берілмейді.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ведомстволық наградаларға, яғни Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін кейбір мемлекетті органдардың, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың наградаларына қатысты өз ойын білдірген болатын. Ол өз сөзінде, «Біз соңғы жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ.

Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті, бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі.
Мекемелік марапат – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бей-жай қарауға болмайды.
Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын» деп [5], құзырлы органдар алдына нақты тапсырмалар қойған болатын.
Алайда, ведомстволық наградаларға қатысты бұл мәселе, күні кеше туындаған мәселе деп айтуға болмайды. Себебі, бұл бағытта бірнеше тұрақты комиссия, уәкілетті органдар мен мемлекеттік мекемелер айналысады. Атап айтқанда, Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген ӛзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы сараптамалық кеңес, Геральдикалық зерттеулер орталығы жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес өз қызметтерін атқаруда. 2024 жылғы 29 қарашада Мемлекеттік кеңесші Е. Қаринның төрағалығымен ӛткен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия отырысында ведомстволық наградаларға толық сараптамалық талдау жүргізіп, оңтайландыру және жетілдіру жұмыстарын жүргізу тапсырмасы қойылған. Үкімет наградаларына қатысты бұндай мәселелердің туындауы орталық атқарушы органдардың жиі тарқатылып немесе құзыреттерінің басқа ведомстволарына ауысып, қайта құрылуына тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасындағы ресми наградалар жүйесі – елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау мен көтермелеудің маңызды құралы. Егемендік алғаннан бері бұл жүйе үнемі жетілдіріліп, мемлекет тарапынан жаңа марапаттар енгізіліп келеді.
Қорыта келе, Қазақстан Республикасындағы ресми наградалар жүйесі мемлекет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды институт болып табылады. Бұл жүйе азаматтарды еңбектегі жетістіктері мен ерліктері үшін марапаттап, олардың қоғамдағы беделін арттыруға ықпал етеді. Болашақта наградалар жүйесін одан әрі дамыту мен оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелері ӛзектілігін сақтайды.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 2676 Заңы https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z950002676
  2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 Қаулысы https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1100001539
  3. Мемлекеттік рәміздер және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының геральдикасы мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығы https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1100000155
  4. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-adiletti-kazakstan-zan-men-tartip-ekonomikalyk-osim-kogamdyk-optimizm-atty-kazakstan-halkyna-zholdauy-285659
  5. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзі https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ulttyk-kuryltaydyn-tortinshi-otyrysynda-soylegen-sozi-14242

Оставить отзыв