Ғылыми еңбектер

Геральдика тарихы

Геральдика тарихы

Адамзат ежелгі заманнан бері таңбалық жүйені қолданған. Жерін, меншігін және шыққан тегін әртүрлі белгімен көрсетуге тырысты.

Таңбалық жүйе ежелгі Египет, Хетт, Рим, Греция мемлекеттерінде және Сақ, Ғұн тайпаларында қолданыста болды. Ал, Геральдика феномені – таңбалық жүйенің ортағасырлық Еуропаның ерекше мәдениеті.

Мәдениеттің қалыптасуының себептерінің бірі Еуропада феодализм дәуірінің орнауы, жерді феодалдарға бөліп беру, әскери өнерде жаңа тәртіптің орнауына алып келді. Феодал өз жерінен тапқан пайдадан әскер жинақтап Корольдің әскери жорықтарына қатысуға міндетті болды. Бұл процесс жабық әскери корпорациялардың орнауына алып келді, ал әскердің негізі ретінде рыцарьлық атты әскер болды.

Әскери аристократия ішінде өздерін еркешелейтін айырықша белгілерді пайдалну мәселесі туындады, нәтижесінде қалқанға салынған белгілер жаңа мағынаға ие болып геральдика қалыптасты.

Шығыс елдерінде бұндай үрдістің бастапқы түрлері Селжұқ, Самани мемлекеттеріндегі «Икта» иесімен байланыстыруға болады. Бірақ түркілерден жалдамалы әскер құру мен Шыңғысханның жорықтары бұл аймақта арнайы ортақ жабық әскерилер корпорациясының қалыптасыуын тоқтатып тастады.

Геральдика орыс жеріне XVII ғ. І Петрдің еуропалық реформаларымен келді, ал қазақ жеріне жеке геральдикалық таңбаларды орыс билігі XIX ғ. тарата бастады.

«Герб» терминінің аудармасы.

Термин неміс тілінің «erbe»-мұра сөзінен бастау алады. Сөз уақыт өте чех тіліне «erb» деп өтіп геральдика терминіне айналды.

Чех тілінде «erb» сөзі отбасында атадан балаға мұраға берілетін белгі, – деп түсіндірілсе, ал «znak» сөзі мұрамен берілмейтін белгі, меншік иесінің функциясына негізделген және белгілі бір қаланың, қауымның және т.б. иесін анықтауға арналған.[5] Мысалы: Чехияда мемлекеттік символды «znak» деп атайды.

XV ғасырда «erb» чех тілінен поляк тіліне «herb» деп көшіп XVIII ғасырда поляк тілі сөздігіне енді[1], бірақ поляк тілінде «herb» – қалқанға салынған геральдикалық белгі, онымен қоса осы тілде «godło» сөзі де қолданыста. Сонымен, Польшаның мемлекеттік символы «godło» деп аталады.

XVII ғасырдың ІІ жартысында орыс патшасының өтінішімен Қасиетті Рим импреиясының императоры І Леопольд герольдмейстері Лаврентии Курелевич орыс геральдикасы бойынша трактатын жазды, трактат қазіргі уақытта РГАДА сақтаулы. Осы кезеңде «герб» термині орыс тіліне енді.

Қазақ тіліне орыс тілі арқылы «герб» термині еніп кеткен. «Герб» сөзінің аудармасы елтаңба, таңба, нышан. Герб деп те қолданылады.

/Ары қарай тексте «герб» термині орнына «таңба» сөзі қолданылады./

Жалпы Батыс Еуропаның геральдикалық жүйесінде «Герб» орнына «Arma» (лат. arma – қару немесе сауыт) термині қолданылады.

Англияда «Coats of arms:», Францияда «Armoiries», Испанияда «Escudo de armas», Түркияда «Arma», Германияда «Wappen», Голландияда «Wapen», Португалияда «Brasão», Италияда «Stemma» терминдері қолданыста.

Ағылшын тіліндегі Coat of arms (орыс. герб) терминінің шығу тегі рыцарьлар киетін геральдикалық үлгіде тігілген surcoat – сюрко (сауыт үстінен киілетін плащқа) қатысты.[4]

Қазіргі кезеңде ағылшын тілінде мемлекеттік таңба геральдика ережесіне сай болса, онда ол «Coat of arms» деп аталады, егер сай болмаса «Emblem» термині пайдаланылады. Неміс тілінде де, солай, сай болса «Wappen», болмаса «Emblem».

Геральдика (лат. ars heraldica – герольдтер кәсібі) – Батыс Еуропада (Англия, солтүстік Франция) ортағасырда қалыптасқан эмблематикалық жүйе. Уақыт өте бүкіл Еуропаға тарап кетті.

Геральдика – тек қана таңба зерттейтін ғылым емес, ол арнайы ұжымдық (корпорациялар, қалалар, бірлестіктер) және жеке (туыстық қатынас арқылы мұраға қалдыру) белгілерді өзіндік безендіру мәдениеті мен қолдануын, оған қоса белгілердің репрезентативті, идентификациялық және декоративтік функцияларының бірегейлігін және тұрақтылығын қарастырады.

Геральдиканың негізі – XII ғасырда Крестшілер қалқандарын түрлі-түсті бейнелермен безендіруді бастағанда қалыптасты. Қалқандағы түрлі-түсті символдық белгілер алыстан көрініп, сауыттың астында жасырынған рыцарьды тануға болатын[3]. Ағылшын геральдика эксперті Артур Чарльз Фокс-Дэвис Еуропа геральдикасына шығыс таңбалық жүйесінің ықпалы үлкен болғандығын атап кеткен.

Тарихтағы бірінші мемлекеттік таңба 1195 жылы Англия королі І Ричардке тиесілі таңба әлі қолданыста.

Ренессанс дәуірінен бастап геральдикалық қалқандардың 400-астам түрлері белгілі. Себебі, қалқанның функционалды мәнінен айырылуы, шайқаста сирек пайдаланылуы кейін тіпте жойылып кетуі, қалқанның геральдикада жаңа формаларының пайда болуына әкелді.

XVII ғ. бастап Геральдикада қатаң ережелер жойыла бастады. Отты қару-жарақтың дамуы шайқас алаңында рыцарьлық атты әскердің рөлінің төмендеуі, геральдиканың тоқырауына алып келді. Мемлекеттерде тұрақты жалдамалы әскери жүйе қалыптасып геральдика әскери шен және киім формасында жалғасын тапты.

Бірақ, геральдикаға қызығушылық, тек XIX ғасырда Наполеон соғыстары және романтизм дәуірінде қайтадан кең етек алды.

XIX ғ. Мемлекеттік таңбалар жүйесі орнықты. Осыған дейін таңба жеке король немесе императордың атрибуты болса, жаңа заманда елдің символына айнала бастады.

Геральдика терминінің шығу тегі ХІІ ғасырдағы рыцарьлық турнирлердің ерте формаларының контекстінде пайда болу мүмкін. Герольд (ескі француз heraut, франк тілінен hariwald «әскер басшысы») турнирдің басталуын жариялайтын адам.

Осы кезеңде халық рыцарьлардың геральдикасына еліктеп өздеріне геральдикалық белгі жасау сәнге айналды. Мәселен, шіркеу геральдикасы, қала және өңір геральдикасы, цех пен одақтар геральдикасы, крестьяндар геральдикасы және т.б.

Герольд немесе қару-жарақ герольді. (Жаршы)

Геральдикалық белгілердің біртұтастыстығын, салтанатты публикациялардың шығуын және маңызды хабарламаларды жеткізуге жауапты қызметкер.

Мысалға: ортағасырлық Францияда герольтар ісінде 4 ранг болған

1. roi d’armes (қару-жарақ королі)

2. maréchal d’armes (қару-жарақ маршалы)

3. héraut (герольд)

4. poursuivant d’armes (қару-жарақ ерушісі/қуғыншысы) – герольдтің шәкірті.

Герольдті арнайы үлгіде тігілген «табард» киімі арқылы оңай тануға болады. Бұл рыцарьлар сауыт үстінен киетін сюрко негізінде жасалынған туника (желек-жамылғы). Оның пішіні мен бағалылығы ғасырлар бойы өзгеріске ұшырады: бастапқыда боялған жүннен жасалған қарапайым киім болса, уақыт өте ол барқыттан, алтын жаймалардан және кестеленген жібектен жасалған өте құнды затқа айналды. Жаршының таңбасында қызмет ететін жоғары тұлғаның немесе өзі өкілдік ететін үкіметтің (ел, облыс, қала, т.б.) таңбасы басылады. Бұл қызметшінің мырзасын байланысты, мырзасын алыстан көзге түсіріп таныстыратын киім. Таңбаны киген жаршы өз иесіне тәуілді символдық тұлғаға айналады. Ол оның сөздерін жеткізіп, растайды және герольдке жасалған кез келген қарсы әрекеттер оның мырзасына жеке басына қол сұққанмен бірдей жауапта болады. [7]

Орта ғасырларда герольд король немесе принцтің үй қызметкері болды. Соғыс бола қалған жағдайда, немесе рыцарьлық жекпе-жектің басталуын жариялайтын адам. Онымен қоса, герольд қоян-қолтық ұрысқа қатысатын рыцарьлар үшін (шайқас немесе турнир болсын) ол мұрагерлік немесе қасиетті кепілдерді алу және қажет болған жағдайда лайықты жерлеу рәсімдерінің жүргізілуін қамтамасыз етеді. Оның рөлі атақ-даңққа қатысты барлық сұрақтар; Мысалы: қару-жарақты дәріптеу, таңбаларды бақылау, және рәсімдер мен ойындарды реттеу, ерліктерге куәгерлік ету болып табылады.

Геральдиккалық жетістік (Armorial achievement or heraldic achievement) – барлық геральдикалық құрамдастардың толық көрінісі немесе бейнеленуі.

Қазіргі заманда таңба түсінігі геральдикалық қалқанға дейін қысқартылған. Негізгі ортағасырлық таңба қалқанмен қоса бірқатар элементтерден тұрады:

  1. Мотто, слоган, девиз немесе ұран
  2. Мантия және павилион
  3. Дулыға әшекейі
  4. Торс – дулыға мен дулыға әшекейінің арасында тұратын байланған лента
  5. Ламбрекен – мойынды немесе басты қорғау үшін дулығада пайдаланылған мата.
  6. Дулыға
  7. Тәж
  8. Консоль – иллюстрациялық контексте, геральдикалық қалқанды қоршап тұрған сәндік жақтау немесе тірек болып табылады.
  9. Қалқан ұстаушылар – әдетте қалқанның екі жағында орналасқан және оны тіреу ретінде бейнеленген фигуралар немесе заттар.
  10. Орден
  11. Терраса – таңба бейнеленген жердің беті.

Геральдикалық қалқан.

Геральдикада қалқанның формасына қатысты қатқан ереже жоқ, ең бастысы қалқанда бейнелеген белгілердің дұрыс геральдикалық тілде орналасуы.

Ең әуелгесі XII ғасырдағы «тамшы тәрізді қалқан» геральдика негізі болды. Себебі, Еуропада әр ғасырда қалқанның формасы әскери өнердің дамуына байланысты өзгеріп тұрды.

Уақыт өте келе Францияда, Англияда, Германияда өзінің қалқандық стилі дамыды. Ренессанс дәуірінде қалқанның 400-астам типтері болған.

Шығыста әскери өнердің өзіндік стиліне байланысты дөңгелек қалқандар пайдаланылған. Ол ежелгі дәуірден бастап Шығыстың барлық елдерінде — Кіші Азияда, Орта Азияда және қиыр шығыста болған[6].

Геральдикалық тіл.

Блазондау – (ескі фр. blason «қалқан») таңбалар мен тулардағы бейнелерді қағазға жазу және сипаттау үшін Батыс Еуропа мәдениетінде пайдаланатын сипаттамалық код.

Геральдикалық тіл, ортағасырда фотосурет болмағандықтан және түрлі-түсті суретті дайындаудың қымбаттығына байланысты, таңбадағы немесе тудағы суреттерді қағазда мәтінмен немесе сөзбен әртүрлі әдістерді қолдана отырып сипаттау, бұл кейіннен суретті дәлдікпен жаңғыртып салуға мүмкіндік берді.

Геральдика ғылымы.

Геральдика қосалқы тарихи пән ретінде таңбаларды қарастырады, дерекөзі таңбалар мен геральдикалық мәтіндерді аудару мен оның түсіндірмесін беру.

Германияда Филипп Якоб Спенер неміс тілінде сөйлейтін елдерде ғылыми геральдиканың негізін салушы болып саналады. Ол таңбаларды түсіндіруде таңбалардың жасалу және түрлендіру жағдайларын есепке алу мағынасын тарихи тұрғыдан қарады.

Иоганн Кристоф Гуттерер геральдиканы қосалқы тарих пәні ретінде қарастырып, университетте тарих ғылымы құрамында зерттелуіне жол ашты.[8]

1. Znamierowski A., Herbarz rodowy, Warszawa: Świat Książki, 2004, с. 336, ISBN 83-7391-166-9.

3. Fox-Davies, Arthur Charles (1909). A Complete Guide to Heraldry. London: T.C. & E.C. Jack. pp. 17–18 LCCN 09023803

4. https://www.etymonline.com/word/coat%20of%20arms#etymonline_v_28240

5. VOIT, Petr. Erb a znak. In: Encyklopedie knihy [online]. Poslední revize 16. 12. 2019, [cit. 22. 11. 2022]. Dostupné z: https://www.encyklopedieknihy.cz/index.php?title=Erb_a_znak&oldid=17462

6. Словарь международной символики и эмблематики. — 3-е изд. — М.: Междунар. отношения, 2001. —560 с.

7. Laurent Hablot, « Revêtir le prince. Le héraut en tabard, image idéale du prince », Revue du Nord, nos 366-367,‎ juillet-décembre 2006, p. 755-803.

8. Martin Gierl: Geschichte als präzisierte Wissenschaft. Johann Christoph Gatterer und die Historiographie des 18. Jahrhunderts im ganzen Umfang. In: Fundamenta Historica. Texte und Forschungen. Band 4. frommann-holzboog, Stuttgart-Bad Cannstatt 2012, ISBN 978-3-7728-2568-2, S. 87–101.

Оставить отзыв