Новости

Геральдикалық зерттеулер орталығы Тәуелсіздік күніне орай кездесу өткізді 

Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында «Ұрпақ сабақтастығы: Желтоқсаншылар және бүгінгі жас» тақырыбында кездесу өтті. Бұл кездесу Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасының куәгерлері мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылды. 

Іс-шараның басты мақсат-міндеті – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, жасөспірімдерді патриотизмге баулу, сондай-ақ олардың Отанға деген сүйіспеншілігін, ұлт тарихын тереңірек білуге деген құлшынысын арттыру. 

Кездесуге Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері және оқушылар қатысты. 

Ең әуелі кездесу қонақтары Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясындағы мұражаймен танысты.  Геральдикалық зерттеулер орталығы Ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов іс-шара қатысушыларын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, кездесудің мән-маңызына тоқталды. Оған қоса кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан мектеп ұжымына алғыс білдірді. 

Іс-шара аясында Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Задаш Дүкенбаева мен Айгүл Ермекова аталған кезеңге қатысты мол мағлұмат айтып, сол уақыттағы қазақ жастарының бойындағы ерік-жігер, қайсарлық, батылдық туралы әңгімеледі. Жасөспірімдерді кітап оқуға, ізденуге, еңбектенуге шақырды. Сонымен қатар олар оқушылардың сауал-сұрақтарына толыққанды жауап қатты. 

Іс-шара аясында Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының директоры Жәудір Бекжанова сөз алып, кездесу қонақтарына рахмет айтты. Өз кезегінде Геральдикалық зерттеулер орталығы Ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов іс-шараны қорытындылап, Задаш Оразғалиқызы мен Айгүл Әміржанқызына, сондай-ақ Жәудір Бақтиярқызына және Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Маратқызына алғыс хат табыстады. Сонымен қатар аталған мектептегі белсенді оқушыларға төсбелгі берілді. 

Оставить отзыв