Бүгін, 16 мамыр күні ҚР Парламенті Сенатында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, жиын «Бір ел – бір мүдде: бейбітшілік пен өркендеу жолында» тақырыбында өрбіді.
Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі тұжырымдамасын әзірлеу тапсырмасы кеңінен талқыланды. Мәулен Әшімбаев Ассамблеяның ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы маңызды рөліне тоқталып, жаңа тұжырымдаманың әділетті, әлеуметтік және инклюзивті Қазақстанды қалыптастыруда стратегиялық құжат болатынын атап өтті.
Жиынға Парламент депутаттары, сарапшылар, Ассамблея мүшелері және мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге Геральдикалық зерттеулер орталығының “Ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау” бөлімінің бас сарапшысы Сұлтан Берікұлы да қатысты.
Жиындағылар, жаңа тұжырымдамада ел бірлігін айшықтайтын ұлттық рәміздер мен тарихи-мәдени мұраның маңызын нақты көрсете отырып, халықтық дипломатияны дамытуға бағытталған жобаларды ұсыну қажеттігін алға тартты.

Қатысушылар қоғамдық келісім, заңнамалық үйлестіру, сондай-ақ мәдениет пен бірлікті дамыту салаларындағы өзекті ұсыныстарын ортаға салды. Бұл басқосу Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа даму кезеңіне қадам басар маңызды алаңына айналды.