Рәміздер күні қарсаңында Көкшетау қаласының №1 құрылыс техникалық колледжінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» мамандарының қатысуымен ақпараттық-танымдық семинар өтті.
Іс-шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, колледж оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ мектеп ұстаздары қатысты.
Дәрістің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, отаншылдық рухты дәріптеу, ұлттық нышандардың тарихы жайлы тың ақпараттар беру.

Семинарда ҚР МАМ, Геральдикалық жұмыс басқармасы бас сарапшысы Абай Айдарбек пен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ-нің бөлім басшысы Асылжан Бижанов мемлекеттік рәміздердің тарихы, қолданылу тәртібі мен жауапкершілігі жайлы дәріс оқыды.
Дәріс соңында студенттер мен оқытушылар мамандарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясы аясында еліміздегі мектептер мен ЖОО-ларда, әскери бөлімшелер мен спорт федерацияларында жалғасып келеді.