Новости
Posted in

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды

Posted in

Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Талап мен тәртіпті қатар қоятын талантты бапкерден бір шоғыр альпинист-спортшылар тәлім алды. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар баршылық. Бапкерлікпен шұғылданған уақыт ішінде жүзден астам спорт шеберін даярладыңыз. Шәкірттеріңіздің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, тіпті, еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Мұның өзі бірегей жетістік саналады. Спортшыларымыз альпинизмнің сіз қалыптастырған даңқты дәстүрін жалғастырып, көптеген халықаралық сайыстан табысты оралып жүр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады. Сондай-ақ елімізде альпинизмді насихаттауда Ерванд Ильинскийдің орасан жұмыс атқарғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің ғұмыр жолын жасампаз патриотизмнің, айрықша жанқиярлық пен аса жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі деп санайды. Өз кезегінде Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп, отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Оставить отзыв