Студенттер мен жас ғалымдардың «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2025» Халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағына Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов пен Зерттеу және сараптама бөлімінің жетекші маманы Рамазан Мамановтың мақаласы жарияланды. Жинаққа студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және жас ғалымдардың жаратылыстану-техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері бойынша материалдары енгізілген. Аталған мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің дербестігі мен егемендігін айқындайтын әрі оны әлемдік қауымдастық алдында танытатын ерекше белгілер жүйесі. Олар елдің ұлттық бірегейлігін білдіріп қана қоймай, халықтың тарихи жады, мәдениеті мен идеологиялық негіздерін де көрсетеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда жариялағаннан кейін, жаңа ұлттық идеологияның көркем бейнесіне айналды. ҚР Мемлекеттік Туы – тәуелсіз мемлекеттің нышаны ретінде ерекше маңызға ие.
1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жариялануы мемлекет үшін тарихи маңызы зор кезеңді бастады. Жаңа рәміздерді қабылдау мәселесі Қазақстанның халықаралық аренада өзін жеке мемлекет ретінде танытуы үшін де өзекті болды. Мемлекеттік Ту – халықаралық қатынастарда мемлекеттің ресми өкілі ретінде танылатын негізгі нышандардың бірі. Сонымен қатар, ішкі саяси кеңістікте ұлттық бірлікті нығайтатын, азаматтардың жаңа мемлекеттілікке деген сенімін арттыратын маңызды құралға айналды.
Ту арқылы Қазақстанның жаңа құндылықтары, тарихи-мәдени ерекшелігі мен болашаққа деген бағдарын айқын көрсету міндеті қойылды. Бұл рәміз елдің демократиялық даму бағытын, бейбітшілікке және серіктестікке ұмтылысын, сондай-ақ өткеннің кеңестік жүйесінен түбегейлі ажырауға талпынысын білдіруі тиіс болды.
1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, бастапқы кезеңде өзінің ресми мемлекеттік рәміздеріне ие болған жоқ. Осыған байланысты 1992 жылдың 2 қаңтарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік рәміздерді әзірлеу және қабылдау мақсатында жалпыхалықтық конкурс жариялады. Аталған конкурсқа тек кәсіби суретшілер ғана емес, еліміздің барлық азаматтары, сондай-ақ шетелде тұрып жатқан отандастарымыз да қатысу мүмкіндігіне ие болды.
1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін әзірлеу және таңдау мақсатында Жоғарғы Кеңес Президиумы арнайы шығармашылық комиссия құрды. Бұл комиссияның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері мен заңгерлер кірді. Комиссия құрамында заңгер – Салық Зиманов, жазушы, қоғам қайраткері – Ербол Шаймерденов, саясаткер – Серікболсын Әбділдин, мемлекет қайраткері – Серік Абдрахманов сынды белгілі қайраткерлер кірді. Бұл комиссия мүшелері тек ту конкурсы бойынша емес, елтаңба, әнұран қабылдануы бойынша жұмыс жасады. Конкурс жарияланған күннен бастап төрт ай жұмыс атқарды [1].
Мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, соның ішінде ту бойынша конкурс талаптары төмендегідей болды:
- Қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты, ұлттық мәдениет пен дәстүр элементтері көрініс табуы керек;
- Ұсынылған эскиздегі элементтер саны үштен аспайтын, алыстан да жақыннанда қарағанда айқын көрінетін, қарапайым, қабылдауға жеңіл болатын, символикалық элементтердің түсіндірмесі болуы шарт еді;
- Басқа мемлекеттердің мемлекеттік туларына ұқсас болмауы, тарихи және мәдени тұрғыда Қазақстанның дербестігін көрсететін символдар болуы керек;
- Кеңестік кезеңді еске алатын белгілер болмауы, елдің тәуелсіздігін, бейтараптығын көрсете алуы маңызды болды;
- Ұсынылған ту эстетикалық жағынан тартымды, элементтердің мағыналық жүктемесі жоғары болуы тиіс еді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қабылдау бойынша 1992 жылы ұйымдастырылған конкурсқа қатысушылар тек Қазақстан аумағымен шектелмей, ТМД елдері, Түркия, Моңғолия және Германия елдерінен де ұсыныстар жасады. Жұмыс тобы 4 ай ішінде 14 отырыс өткізді. Жалпы байқауға 1200-ге жуық өтініш келіп түсіп, конкурс комиссиясы оның ішінен 453 ту эскизін және 142 жазбаша ұсынысты қарастырды [2].
Конкурсқа ұсынылған жобалар арасында ерекше ту үлгілері де болды. Конкурсқа алғашқы болып өз жобасын жолдағандардың бірі – суретші М.Сұлтанбеков еді. Ол өзінің ту эскизін конкурс жарияланбай тұрып, 1991 жылдың желтоқсан айында ұсынған болатын [2]. Ту эскизінде ашық сары түсті фон үстінде көлденең және тік бағытта бір-бірін қиып өтетін крест тәрізді элемент бейнеленген. Композицияның дәл ортасында қабаттасқан екі шаршыдан құралған сегізбұрыш орналасқан. Бұл сегізбұрыштың ішінде қос шеңбер және олардың ортасында Инь-Ян символы салынған. Инь-Ян белгісінің бір шетіне жарты ай бейнеленген. Элементтердің барлығы жасыл және көк түстермен жиектеліп, симметриялы орналасқан.

Конкурсқа қатысқан ту эскиздері.
Жалпы конкурсқа ұсынылған ту эскиздерінде жиі кездескен элементтер – жарты ай, жұлдыздар, шаңырақ және түркілік мәдениетке тән қасқыр бейнесі. Ұсынылған эскиздер ішінде комиссия тарапынан қабылданбаған ту үлгілерінде көбінесе кеңестік кезеңді еске түсіретін қызыл түсті элементтердің жиі қолданылуы байқалды. Сонымен қатар, байқау талаптарына сәйкес келмеген жобаларда шамадан тыс элементтер, композициялық және символикалық мағынасы жеткіліксіз немесе үйлесімсіз эскиздер көптеп кездескен.
Мақала бойынша ҚР Ұлттық Архивінде зерттеулер жүргізген кезде ту эскиздері бойынша 7 том құжат қаралды. Жоғарыда берілген суреттерде бейнеленген ту және елтаңба нұсқалары архивтық құжаттардан алынды. Елтаңба нұсқаларында бейнеленген кейбір элементтер ту нұсқаларында да кездеседі. Конкурсқа келіп түскен ту нұсқалары жәй ғана қағаз бетінде бейнеленбей мата ретінде де тігіліп ұсынылған. Осыдан конкурстың жалпыұлттық науқан ретінде сипат алғанын түсінуге болады [3].
ҚР Ұлттық архивінің № 2 қорында белгілі жазушы, энциклопедист ғалым Ақселеу Сейдімбектің 1992 жылдың 2 мамырында жазылған «Елдік нышандар туралы» хатында мемлекеттің ресми атауы, елтаңба, әнұран, тудың маңыздылығы туралы толық ойы жазылған. Мемлекеттік рәміздер туралы өзінің пікірін толыққанды келтіреді [3].
Комиссия мүшелері Мемлекеттік Тудың эскиздерін сараптау жұмыстарын шамамен төрт ай көлемінде жүргізді. Сараптау барысында ұсынылған жобалардың тарихи-мәдени, эстетикалық және символикалық маңыздылығына баса назар аударылды. Шәкен Ниязбеков айтуынша, мемлекеттік рәміздер конкурсына 35 түрлі ту эскизін ұсынған. Қазіргі ту эскизін комиссия мүшесі Өмірбек Жолдасбеков таңдаған болатын.
Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков — Қазақстанның көрнекті суретшісі әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы. Ол 1938 жылы 12 қарашада Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында дүниеге келген. 1960-жылдары Ленинград қаласындағы В.И. Мухина атындағы жоғары көркемсурет училищесінде білім алып, суретші-дизайнер мамандығын игерген.
Шәкен Ниязбековтың алғашқы эскизінде ту көгілдір түсті фонда бейнеленіп, оның сол жақ бөлігінде ұлттық нақыштағы қызыл түсті ою-өрнек орналастырылды. Сонымен қатар тудың ортасынан сол жаққа ығыстырылған алтын түсті күн мен оның астында қалықтаған қыран құстың бейнесі көрініс тапты. Бұл тудың өлшемдік пропорциясы халықаралық стандарттарға сәйкес ұзындығы – 2 метр, ені – 1 метр көлемінде белгіленді. Осылайша, Шәкен Ниязбековтың авторлығымен ұсынылған ту эскизі комиссияның мұқият ғылыми-сараптамалық талдауынан өтіп, тәуелсіз Қазақстан Республикасының ресми Мемлекеттік Туы ретінде қабылданды.
Ш.Ниязбеков өз естелігінде былай келтіреді:
«Ең алдымен, әлемдегі туларды зерделедім, өйткені қайталанбас өзіндік нұсқа қажет болды. Басқа үміткерлер туларын үш түсті, қызыл, сары, тіпті қоңыр түсті қылса да, мен көгілдір түске тоқтадым – өйткені көпұлтты халық мекендейтін Қазақстан аспаны бөлінбейді» [4].
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің арнайы отырысында Шәкен Ниязбековтың жобасы ресми түрде Қазақстан Республикасының ресми Мемлекеттік Туы етіп бекітілді. 1992 жылдың 6 маусымында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында тудың алғашқы нұсқасы көрсетілді. 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы» заңда осылай келтіріледі:
«3-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір түсті мата. Күн, оның шұғылалары және қыранның бейнесі алтын түсті. Тудың сабының тұсында ұлттық ою-өрнек салынған қызыл түсті тік жолақ бар. Тудың енінің оның ұзындығына қатынасы – 1:2».
Жаңа туды енгізудегі техникалық қиындықтарға байланысты заңнамалық актілер 1994 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақ КСР-нің туын күнделікті өмірде қолдануа рұқсат берді [2].
1996 жылдың 24 қаңтар күні ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік рәміздер толықтай қайта бекітілді. Бұл кезеңде қабылданған Мемлекеттік Тудың нұсқасында тудың сабы жағында орналасқан ұлттық ою-өрнек алтын түсті болғанымен, қазіргі қолданыстағы ою-өрнектен пішіндік және стилистикалық тұрғыдан біршама өзгеше болды. Кейіннен Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы ұсынысымен тудың ұлттық ою-өрнегігін қайта өзгертіп алтын түсте бейнеледі. Осылайша, ою-өрнектің жаңа үлгісі қалыптасып, қазіргі уақытта қолданылып жүрген нұсқасы пайда болды.
Тудың осы соңғы, жетілдірілген нұсқасы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылғы 4 маусымдағы №258-III «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңымен ресми түрде бекітіліп, қолданысқа енгізілді. [5].
Мемлекеттік Тудың көрінісі қарапайым болғанымен мағыналық жүктемесі өте жоғары. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы көгілдір түс бейбітшілік, тыныштық, бірлікті білдіреді. Сонымен қатар, бұл түс түркі халықтарының дүниетанымында терең символикалық мәнге ие болған. Ежелгі түркілер көк түсті аспанды Тәңірмен байланыстырып, оны қасиетті санаған. Түркілердің көк туы ата-бабаларға деген адалдық пен сенімділіктің көрінісі болған [6, 134- б].
Мемлекеттік Тудың аспан тектес көгілдір түсі кездейсоқ таңдалмаған. Әйгілі Ансельм кестесіне сүйенсек, бұл түс адалдық, кіршіксіз тазалық және пәкдік нышаны болып табылады. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын білдіреді, бейбітшілік, тұрақтылық және молшылық белгісі ретінде ашық аспанға меңзейді [6, 134- б].
Тудың ортасында орналасқан алтын күн бейнесі – байлық пен молшылықтың белгісі. Күн – барлық нәрсеге өмір сыйлаушы. Сондықтан оның бейнесі көшпенділердің дүниетанымында ерекше орын алады. Күн – уақыт пен заман бейнесі. Ол көшпенділердің күнтізбесінде аса маңызды өлшем болған. Күн бейнесі – өмір қуатының белгісі. Ол адамның тіршілік ету көзі ретінде бейнеленеді. Күн – қозғалыс, даму, өсу мен өркендеудің символы. Сондықтан тудың дәл ортасына күн бейнесі орналастырылған.
Күн астында бейнеленген қыран – мемлекеттік билік, көрегендік пен кеңдік нышаны. Қыран бейнесі ел тәуелсіздігінің символы ретінде беріледі. Ол болашаққа ұмтылуды, биіктікті, еркіндікті білдіреді. Сонымен бірге ол жауынгерлік күш пен қырағылықтың, кеңістіктің белгісі ретінде танылады. Дала қыраны – қазақтың көне мифтерінде отты көкке көтеріп, халыққа жарық пен жылу сыйлаған киелі құс. Сондықтан тудың екінші маңызды нышаны ретінде қыран бейнеленген. Ол тәуелсіздік алған Қазақстан халқының болашаққа, жарқын келешекке ұмтылысын білдіреді. Қыран – еркіндік символы. Ол еркіндіктің, қуат пен рух биіктігінің көрінісі. Қыранды тудың бейнесіне енгізу – қазақтың ұлттық дүниетанымымен үйлеседі. Өйткені қыран халқымыздың жырларында еркіндік сүйгіштіктің символы ретінде бейнеленген [7, 54- б].
Тудың сабының тұсында тік орналасқан ұлттық өрнек– «қошқар мүйіз» бейнеленген. Бұл – халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани байлығын сипаттайтын элемент. Өрнек – халықтың көркемдік танымын, эстетикалық мәдениетін көрсетеді. Ол – халықтың дүниетанымын, тұрмысын, салтын бейнелейтін элемент. Өрнек – халықтың өшпес рухани байлығы [7, 56- б].
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының қалыптасу тарихы мен оның символикалық мазмұны тәуелсіз мемлекеттіліктің идеялық және көркем бейнесін танытатын маңызды тарихи-мәдени феномен ретінде сипатталады. 1992 жылғы жалпыхалықтық конкурс нәтижесінде бекітілген Мемлекеттік Ту – тарихи дәстүрлер мен заманауи ұлттық болмыстың сабақтастығын қамтамасыз еткен бірегей рәміз.
Тудың қабылдану үдерісі мен оны іріктеу барысында қойылған талаптар – ұлттық рәмізді тек эстетикалық бейне емес, идеологиялық құрал ретінде қарастырудың айғағы. Тарихи деректер, конкурсқа ұсынылған нұсқалар мен шешімдер сараптала отырып, қазіргі қолданыстағы Тудың мағыналық жүктемесінің тереңдігі мен ғылыми тұрғыдағы негізділігі айқындалды. Мемлекеттік Ту – Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі ұлттық идеяның шоғырланған көрінісі ретінде, елдің тарихи жадын, мәдени кодын және мемлекеттілік мұратын бейнелейтін тұғырлы нышан болып қалыптасты.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні // Egemen Qazaqstan. – 2022. – 4 маусым. – Қолжетімді: https://egemen.kz/article/314177-4-mausym-%E2%80%93-memlekettik-ramizder-kuni (қол жеткізілген күні: 25.03.2025 ж.).
- Государственный флаг Казахстана // Vexillographia.ru. – [Б.ж.]. – Қолжетімді: https://www.vexillographia.ru/kazakhst/state1.htm (қол жеткізілген күні: 27.03.2025 ж.).
- Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 2 қор, 2 тіз., 83 іс, 9 бума.
- Қазақстанның мемлекеттік туы қалай жасалды // kaz.inform.kz. – Қолжетімді: https://kaz.inform.kz/news/kazakstannyn-memlekettik-tuy-kalay-zhasaldy_a3875540/ (қол жеткізілген күні: 27.03.2025 ж.).
- Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы. (2007). Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы: № 258 Конституциялық заң, 4 маусым 2007 ж. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000258_
- Шаймерденұлы, Е. Елтаным: тарихи-философиялық рәмізбаян / Е. Шаймерденұлы. – Алматы: Sunshine plus, 2022. – 320 б.
- Шаймерденұлы, Е. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері. Тәуелсіздік нышандары. – Алматы: ТЖО «Тау Қайнар», 2015. – 319 б.
