Рудный қаласының орталығында 20 метрлік ту бағанасы мен елдік нышандардан құралған ерекше композиция ашылды. «Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атауымен өткен бұл шара Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Жаңбыршинаның айтуынша, бұл жоба жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында қолға алынған.
Салтанатты жиын барысында бірқатар ардагерге «Рудный қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Рудный қаласының үстінде желбіреген мемлекеттік туымыз біздің мақтанышымыз. Өзара келісім, бейбіт өмір, өркендеу жолында бәрімізді біріктіретін құнды нышан. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. Елге деген құрмет, патриотизм бізді тек алға жетелейді, – деді қала әкімі Виктор Ионенко
Мерекелік жиында Ұлттық гвардия сарбаздары мен болашақ Отан қорғаушылар сап түзеп, ұрпақ сабақтастығының айқын үлгісін көрсетті. Жиналғандар тікелей эфир арқылы Астанадағы әскери шеруді де тамашалады.