Тәуелсіздік күніне орай «Tańba quiz» интеллектуалдық ойыны өтті. Оған Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған бірнеше топ қатысты.
Интеллектуалдық ойынды Геральдикалық зерттеулер орталығы мен Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ұйымдастырды.
Геральдикалық зерттеулер орталығы Геральдикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов зияткерлік сайыстың мән-маңызына тоқталып, ойын шарттарымен таныстырды.
Іс-шара барысында қатысушыларға қазақ геральдикасы, әлем геральдикасы және тарихи географияға қатысты тапсырмалар берілді. Геральдикалық зерттеулер орталығы Ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің бас сарапшысы Сұлтан Оразаев, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы Әлеуметтік тәрбие жұмысы департаментінің директоры Шыңғыс Қаратай, Геральдикалық зерттеулер орталығы Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бөлімінің бас маманы Мәрлен Ғилымхан қатысушылардың жауаптарын бағалап, ұпай сандарын есептеп отырды.
Интеллектуалдық ойын аясында студенттер дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
Зияткерлік сайыс нәтижесі бойынша 1-орынды «Historia Nova» (Астана халықаралық университеті) тобы иеленді. 2-орынды «Еділ» мен «Жебе» (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) еншіледі. 3-орынға «Мстители» (Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы) тұрақтады. «Қыран» (Астана халықаралық университеті) «Геральдистер», «Боран» (Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті) «Патриоттар» аталымына ие болды. Сондай-ақ ең қызықты инста-сториз үшін «Мстители» тобының ойыншысына арнайы сыйлық берілді.
Айта кетейік, іс-шараның басты мақсат-міндеті – жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, геральдика және мемлекеттік рәміздер саласындағы білімін тереңдету, тарихи сана мен ұлттық танымды қалыптастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдары арасындағы шығармашылық және кәсіби ынтымақтастықты дамыту.













