Жаңалықтар

Астанадағы Жеңіс шеруіне 4,5 мың адам қатысады

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін әскери парадқа 2,5 млрд теңге бөлінді. ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Виталий Адамович Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадтың ерекшеліктерін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетейік, шеру 7 мамырда Астанада «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді деп жоспарланған.

Шеру үш кезеңнен тұрады:

  • Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөліктерден тұратын парадтық бөлімшелердің маршы;
  • Екінші кезең – тарихи және заманауи бөліктерден тұратын механикаландырылған колонналардың маршы;
  • Үшінші кезең – ұшақтардың ұшуы.

«Бұл шерудің ерекшелігі – бізде соғыс жылдарындағы (сол кездегі – ред.) әскери қызметшілер сап түзеп, Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңнан өтеді. Бұл 23 бөлімше мен бригада. Мұражайымызда сақтаулы тұрған Жеңіс туының көшірмесі Т-34 танкінде  тасымалданады», деді Виталий Адамович.

Сондай-ақ ол Жеңістің 80 жылдығына орай 42 мың адамға мерейтойлық медаль табыстау жоспарланып отырғанын айтты. Ол ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған.

«Оны жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңгеге жуық қаражат жоспарланған. Бұл жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарға және әскер қозғалысына, киім тігуге байланысты шығындар», деді Виталий Адамович.

Бұған дейін, елімізде Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде  қаражат аударылатыны белгілі болған еді.

Пікір қалдыру