Жаңалықтар

«Алғыс айту» күніне орай Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлымен кездесу өтті

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, профессор, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлымен кездесу өтті.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ұйымдастырды.

Алқалы жиынға мемлекеттік орган өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кездесу барысында Жандарбек Мәлібекұлының шығармашылық жолы, оның мемлекеттік рәміздерді әзірлеудегі рөлі мен идеялық ұстанымдары сөз болды.

Жиында «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік Еркімбеков, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп, сондай-ақ ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында Астана қаласындағы №73 мектеп-лицейінің 1-сынып оқушысы Ердәулет Бауамұрат белгілі ақын Сұлтан Қалиұлының «Елтаңбасы елімнің» атты өлеңін оқыды. Жас патриоттың өнеріне тәнті болған Жандарбек Мәлібекұлы оған ақ батасын беріп, Елтаңба бейнесіндегі төсбелгіні тарту етті.

Сонымен қатар, жиын барысында Елтаңба авторы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.

Кездесу соңында Жандарбек Мәлібекұлына естелік сыйлық табысталып, құрмет көрсетілді.

Пікір қалдыру