Жаңалықтар

Астанада Ербол Шаймерденовты еске алуға арналған  «Мемлекеттік рәміздер – елтаным негізі» атты конференция өтті

Бүгін Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ-нің ұйымдастыруымен  тұңғыш рәмізтанушы, публицист-жазушы, ақын  Ербол Шаймерденовты еске алуға арналған «Мемлекеттік рәміздер – елтаным негізі» атты конференция өтті.

Алқалы жиын Ербол Шаймерденовтың мол мұрасын насихаттау, мемлекеттік рәміздерге деген терең танымды арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияға депутаттар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен жазушылар,  сонымен қоса мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құттықтау хаты оқылды.

«Ербол Шаймерденов саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына, мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтауға арнаған тағылымы зор тұлға, біртуар азамат еді. Ол елтаңба, ту мемлекеттік рәміз ретінде қабылданып жатқан кезде комиссия мүшесі болып, кейін рәміздерді зерделеп-зерттеп, саланың дамуына зор үлес қосты», – делінген құттықтау хатта.

Іс-шарада ҚР Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп пен ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов тарихи тұлғаның қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті.

Қатысушылар мемлекеттік рәміздер күнінің мәні мен маңызына тоқталып, тұңғыш рәмізтанушы жайлы естеліктерін айтты.

Жиын барысында, мемлекет және қоғам қайраткерінің мұрағаттағы бейнефильмдері көрсетіліп, ұлттық нышандар туралы өлеңдері оқылды.

Шара соңында Ербол Шаймерденовтың жұбайы, ұстаз Күләш Шаймерденова жиынға қатысушыларға алғысын білдірді. 

Пікір қалдыру