Жаңалықтар

Министр Аида Балаева мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

Құрметті достар!

Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл егемендік ұғымымен қатар жүретін, ел бірлігі мен тәуелсіздігіміздің символдарына деген құрметімізді білдіретін – айрықша күн. Мемлекеттік рәміздер – ұлтымыздың рухын, тарихи жолын және болашаққа деген сенімін айқындайтын қастерлі құндылықтар.

Осы мерекеге орай баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, татулық пен мол игілік тілеймін!

Мемлекеттік рәміздерімізді баға жетпес құндылық ретінде әрқашанда қадірлей білейік!

Осы атаулы күн аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Менің Қазақстаным» республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланғанын хабарлағым келеді.

Байқаудың мақсаты – азаматтар арасында патриоттық рухты, ұлттық бірлікті, елге деген сүйіспеншілікті нығайту және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу.

Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған, көпшілік алдында орындалмаған авторлық әндер ұсынылуға тиіс.

Үміткерлер байқауға «Тәуелсіз ел» (Республика күніне арналған), «Егемен елдің ертеңі» (балаларға арналған әндер), «Бірлігі жарасқан – Қазақстан!» (достық пен бірлік туралы) сынды номинациялар бойынша қатыса алады.

Әр номинацияда ән мәтіні авторына, композиторға және орындаушыға жекей жүлделі орындар беріледі.

Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 4 маусымынан 1 қазанына дейін жалғасады. Байқау жеңімпаздары 25 қазан – Республика күні қарсаңында марапатталады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталады.

Пікір қалдыру