Жаңалықтар

Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия тапсырылды

Астана қаласында мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны табыстау рәсімі өтті. Стипендияны Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.

Әдебиет пен өнер саласындағы Президенттік стипендия отандық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Мемлекеттік стипендия тағайындалғаннан бері Қазақстан руханияты мен өнеріне еңбегі сіңген азаматтар марапатталды.

Биыл 75 адам мемлекеттік қолдауға ие болды.

Стипендиаттар қатарында танымал мәдениет майталмандары да, болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар да бар.

Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің мәдениет және өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға қолдауы мен қамқорлығының айғағы. Сондай-ақ олардың ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрмет.

Стипендиаттар қатарында Жандарбек Мәлібеков, Меруерт Өтекешова, Роза Мұқанова, Самал Еслямова, Ермек Асылханов, Қайрат Байбосынов және өзге де мәдениет қайраткерлері бар.

Сондай-ақ жас таланттарға да ерекше назар аударылды. Олардың қатарында опера әншісі Мария Мудряк, театр актрисасы Алтынай Нұрбек, театр және кино актері Бәзіл Сұлтанғазы, актриса Екатерина Максим және басқа да өнер иелері бар. Қазірдің өзінде бұл азаматтар айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттап жүр.

Бұл қолдау өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға, ұлттық мұраны сақтауға, еліміздегі мәдениет және өнер саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, тың идеялар мен жобалардың іске асуына септігін тигізеді.

Пікір қалдыру