Жаңалықтар

Президент бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады

Президент Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

«Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр.

Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін.

Бүгін мен Ұлттық құрылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойдым» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікір қалдыру