Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен №116 жалпы орта білім беретін мектепте танымдық семинар өтті.
«Рәміздерге құрмет» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсат-міндеті – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру. Осы іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері мен оқушылар қатысты.
Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов іс-шараның мән-маңызына тоқталып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру керектігін айтты. Оған қоса орталықтың негізгі қызметі туралы баяндап, қазіргі таңда қазақ геральдикасының тарихын зерделеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану, насихаттау мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Зерттеу және сараптама бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихы, символикалық мағынасы және қолданылу тәртібі туралы кең көлемде мағлұмат берді. Сонымен қатар мұндай семинарлардың азаматтық қоғамды дамытудың нақты тетіктерін айқындауға және тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын жеткізді.
Жиын соңында мектеп қызметкерлеріне, оқушыларға естелік сыйлықтар, төсбелгілер берілді.
Айта кетейік, бұл семинар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру бағытындағы маңызды бастама.







