Жаңалықтар

Мемлекет басшысының атынан архив саласының ардагерлері мен мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанның архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, сондай-ақ архив саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Іс-шараның ашылуында Аида Балаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы архив саласының қызметкерлері мен ардагерлерін Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің тарихи мұрасын сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.

Өз сөзінде Премьер-министрдің орынбасары архив ісінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұжымға және сала ардагерлеріне алғыс айтып, бүгінде еліміз аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтті.

Мерейтойлық датаға орай архив саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен мамандарға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталды.

«Құрмет» ордені – Сәуле Мушкенова

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Майра Есмұханова

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Маржан Нұртазина

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Әсия Керімтаева

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы – Тұрсынгүл Кусаинова

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы – Гаухар Хайруллина

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы және төсбелгісі – Сағила Нұрланова

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы – Шолпан Жанатаева

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы – Айгүл Шагиева

«Еңбек ардагері» медалі – Койше Бекбаев

«Еңбек ардагері» медалі – Жәлел Болташев

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің тұңғыш директоры Рысты Сариеваның еңбегіне айрықша құрмет көрсетілді. «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты құжаттық көрме аясында Ұлттық архивте оның қызметіне арналған арнайы бұрыш ашылды.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы 237 мемлекеттік архивте Ұлттық архив қорының 30 миллионға жуық құжаты сақтаулы. Архив саласында 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді. Архив қорлары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым мен мәдениет өкілдерінің жеке архивтік құжаттарымен тұрақты түрде толықтырылып келеді.

Join the conversation