Республика күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының мамандары Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің оқушыларымен танымдық семинар өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың мемлекеттік рәміздер туралы білімін кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел тарихына деген құрметін арттыру.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы, олардың авторлары, сондай-ақ Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұрандағы ұлттық нышандардың мән-мағынасы кеңінен түсіндірілді. Оқушыларға мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігін, егемендігін және ұлттық бірегейлігін айқындайтын маңызды белгілер екені айтылды.
Сонымен қатар мамандар рәміздердегі тарихи және мәдени элементтерге тоқталып, олардың қазақ халқының дүниетанымымен, салт-дәстүрімен және рухани құндылықтарымен байланысын түсіндірді.
