Жаңалықтар

Алматыда ҚР Мемлекеттік Гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденовке арналған поэтикалық кеш өтті

27 қараша күні Алматы қаласында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Менің елім – жыр елі!» атты поэтикалық кеш өтті.

Поэтикалық кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, Жұмекен Нәжімеденовтің ұрпақтары, студенттер, оқушылар, жалпы әдебиетсүйер қауым қатысты.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы поэтикалық кештің мән-маңызына тоқталып, іс-шараны жүргізіп отырды.

Ақын есімін ұлықтауға, оның шығармашылығын көпшілікке таныстыруға және жас қаламгерлерге қолдау көрсетуге бағытталған кеш барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген Жұмекен Нәжімеденовтің таңдамалы шығармалары жинақталған кітаптың тұсауы кесілді.

Көрнекті тұлға туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Өтеген Оралбаев және Саида Жұмекенқызы естеліктер айтты. Сондай-ақ өнердің өз адамы, Ақұштап Бақтыгерееваның жары Ғабдрахим Жаңбырбаев Жұмекен Нәжімеденовтің домбырасымен күй шертті. Нұртілеу Қадырқұл, Тілеубек Батыс, Ақгүлім Ерболава сынды жас қаламгерлер Жұмекен жырларын жатқа оқыды.

Поэтикалық кеште Геральдикалық зерттеулер орталығы мен балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газеті бірлесе ұйымдастырған «Туған жерім менің, Қазақстаным» атты әңгімелер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Оларға Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Шерхан Талап пен «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Асылан Тілеген дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Байқау Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына және «Ұлан» газетінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылды. Республикалық сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 50-ден астам оқушы қатысты. 

Әңгімелер байқауының нәтижесі бойынша 1-орынды Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Шалқар Кәусар иеленді. Жетекшісі – Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Ахметова.

2-орынды БҚО, Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы жанындағы «Әдебиет әлемі» үйірмесінің тәрбиеленушісі Арнұр Жұмабай еншіледі. Жетекшісі – Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Меңдібек Лұқпанов.

3-орын Ақтөбе қаласындағы №33 қазақ орта жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Айслу Кармисоваға бұйырды. Жетекшісі – №33 қазақ орта жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айшолпан Байменова. Сонымен қатар бірқатар қатысушыға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Сондай-ақ осы іс-шара аясында «Ұлан» газетінің жас тілшілеріне куәлік берілді.

Пікір қалдыру