Елордада үстіне салқындатқыш (кондиционер) құлап қаза тапқан Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуанға (марқұм) қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалін беру туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шықты.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қарашада Астанада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шеккен болатын. Зардап шеккендердің бәрі №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Содан бері жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда болған фельдшерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда, науқас тым ауыр жарақат алғандықтан қайтыс болды.
