«Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсенділігі, ұзақ және мінсіз қызметі, кәсіби қызметтегі жоғары көрсеткішке қол жеткізгені, қосқан ерекше үлесі мен жұмыстағы басқа жетістіктері үшін, қорғаныс өнеркәсібі саласында кемінде 10 жыл жұмыс істеген қызметкерлер, ардагерлер және өзге де адамдар марапатталады.
Ерекше жағдайларда бұл медальмен қызметкерлер ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, сондай-ақ жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін де марапатталады.

«Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі диаметрі 32 мм түзу тегіс шеңбер нысанында жасалады.
Медальдың беткі жағында кеме, ұшақ, танк, дүркіндете ату реактивті жүйесі және спутник бейнелері ойып жасалған. Медальдың ортасында Қазақстан Республикасының картасы, онда Қазақстанның астанасы «Нұр-Сұлтан» және күн астындағы қыран бейнеленген. Негiзі күмiс қорытпасынан дайындалған.
Жиегін бойлай ашық көгілдір реңде «Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген жазу орналасқан.
Медальдың сыртқы жағында жиегін бойлай ұлттық ою-өрнек ортасында «Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген жазу бейнеленген.
Медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 32 мм және биіктігі 50 мм, сары түсті екі жолағы бар көк түсті қатқыл лентамен қапталған алты бұрышты тағанмен жалғанады.
Медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуішпен бекітіледі.