«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне айрықша үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласындағы көрнекті әзірлемелері, белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі және мейірімділігі, қызметтік міндеттерін орындау кезінде көрсеткен кәсіптік шеберлігі мен жанқиярлығы үшін, кемінде 40 рет қан беруді және (немесе) кемінде 70 рет қан плазмасын беруді өтеусіз жүзеге асырғаны үшін марапатталады.
«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен денсаулық сақтау жүйесінде 10 жыл еңбек өтілі бар денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері марапатталады.


«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі диаметрі 40 мм шеңбер нысанында жезден жасалады.
Шеңбердің ортасында медицина эмблемасы – тостағанға оралған жылан, жоғары бөлігінде – шығып келе жатқан күн сәулесі, төменгі жағында – лавр бұтақтары бейнеленген. Шеңберді бойлай «ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН», «ҚАЗАҚСТАН» деген жазулар орналасқан. Төсбелгі фоны жылтырақ, әріптер және бейнелер шығыңқы, күңгірттелген.
Төсбелгінің сыртқы жағы күңгірттелген.
Төсбелгі құлақша мен шығыршық арқылы ені 33 мм және биіктігі 20 мм көгілдір түсті қатқыл лентамен қапталған тікбұрышты тағанмен жалғанады.
Төсбелгі киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.