«Еңбек сіңірген геолог» төсбелгісі

«Еңбек сіңірген геолог» төсбелгісімен геология саласының ұйымдары мен мекемелерінің оларда кемінде 15 жыл жұмыс істеген, геологияның дамуына және елдің минералдық-шикізат базасын басқаруға зор үлес қосқан жұмыскерлері геологиялық барлау жұмыстарының бағыттарын ғылыми негіздегені, геологиялық барлау жұмыстары практикасына ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін енгізгені, өндірістік қызметте қол жеткізген ең жоғары нәтижелері, геологиялық кадрларды даярлау және тәрбиелеу ісіне сіңірген еңбегі, жемісті ғылыми және қоғамдық қызметі, сондай-ақ геология және жер қойнауын пайдалану саласында шет елдермен табысты ынтымақтастық жасағаны үшін марапатталады.

«Еңбек сіңірген геолог» төсбелгісі сәулелері және кристалл түріндегі сегіз секциялы бедерлі өрнегі бар дөңгелек диск пішінінде алтын жалатылған металдан жасалады, биіктігі 46 мм және қалыңдығы 3 мм.

Төсбелгі екі бөліктен – негізден және жапсырмадан тұрады. Жапсырма бекітілетін негіздегі алаң мөлшері бірдей он сәулесі бар шығыңқы бедерлі өрнекпен жиектелген. Бедерлі өрнекте сәулелер секцияларының арасында көк түсті кристалл түріндегі фигура бар. Негіз алтын жалатылған металдан жасалған.

Жапсырма диаметрі 22 мм дұрыс шеңбер болып табылады. Шеңбердің жоғарғы жартысында күңгірт алтын түстес «ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ГЕОЛОГ» деген жазу орналасқан.

Шеңберде бейне-рәміздер кескінделген:

шеңберде: Қазақстан Республикасы картасының сұлбасы (карта көгілдір эмальмен боялған) бейнеленген;

шеңбердің ортасында картаның жоғарғы бөлігінде айқасқан жез түсті геологиялық балғалар бейнеленген, тоғысқан жерінде көк түсті кристалы бар;

шеңбердің төменгі бөлігінде әр бағытқа қараған алты дана мөлшеріндегі сарғыш түсті минералдардың сұлбалары және компас бейнеленген.

Төсбелгінің артқы жағы алтын түсті.

Төсбелгінің артқы жағында «ГЕОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЗОР ЕҢБЕГІ ҮШІН» деген жазу орналасқан.

Төсбелгі құлақша мен шығыршық арқылы көгілдір түсті қатқыл жібек лентамен қапталған ені 32 мм және биіктігі 30 мм тікбұрышты тағанмен жалғанады. Киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.