«Ana tili» газетінің 2026 жылғы 26 ақпандағы №8 санында аталған үнпарақтың тілшісі Бағдат Сұлтанқызының «Ұлттық нышан және жаңа талап» тақырыбындағы мақаласы жарияланды. Мақала Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов пен Талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаевтың ой-пікірлері негізінде жазылған.
ҰЛТТЫҚ НЫШАН ЖӘНЕ ЖАҢА ТАЛАП
Қазақстанда геральдика мәселесі соңғы жылдары қайтадан қоғам назарын аудара бастады. Өңірлік нышандарды біріздендіру, мемлекеттік Туды пайдалану тәртібін кеңейту, рәміздерге қатысты құқықтық талаптарды нақтылау – осының бәрі ұлттық бірегейлікпен тікелей байланысты. Геральдикалық зерттеулер орталығының мамандарымен әңгімеде біз қазақтың дәстүрлі таңбалық жүйесінен бастап, еуропалық геральдика ықпалына, посткеңестік сана мәселесіне, өңірлік рәміздерді қайта қарау үдерісіне және мемлекеттік Туды қолданудың заңдық нормаларына дейін өзекті тақырыптарды тарқаттық.
Геральдикалық зерттеулер орталығының Талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаевтың айтуынша, геральдиканың Еуропада қалыптасқан классикалық қағидалары мен көшпелі өркениетке тән таңбалық жүйесін бір ғана ортақ классификациямен өлшеу дұрыс емес. Сұлтан Оразаев көшпелілердің таңбалық жүйесі мен Еуропадағы геральдиканы мазмұндық тұрғыдан өзара сәйкес келетін құбылыстар ретінде бағалайды. Қазақстан мемлекеттік рәміздерін әзірлеу кезінде екі бағытты қатар ұстанды. Біріншіден, Ту, Елтаңба, Әнұран жасауда дүниежүзілік геральдиканың негізгі қағидалары ескерілді: түс үйлесімі, символдардың тұтастығы, мағына тұрақтылығы сақталды. Екіншіден, мазмұндық және бейнелік жағынан көшпелі өркениетке тән белгілер мен ұлттық дүниетанымға басымдық берілді.
Геральдикалық зерттеулер орталығының Талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаевтың айтуынша, геральдикадағы басты мәселелердің бірі – терминологияның нақтылығы. Ғылыми ортада «елтаңба», «герб», «таңба», «нышан» ұғымдары жиі бір мағынада қолданылып кетеді. Алайда тарихи және құқықтық тұрғыдан бұл атаулардың айырмашылығы бар. С.Оразаев мысал ретінде чех тіліндегі екі ұғымды келтіреді. Чех тілінде «erb» – атадан балаға мұра болып берілетін белгі. Ал «znak» – мұрагерлікке қатысы жоқ, белгілі бір қалаға, мекемеге немесе қауымға тиесілі таңба. Сондықтан Чехияда мемлекеттік символ «znak» деп аталады. XV ғасырда «erb» сөзі чех тілінен поляк тіліне «herb» болып енген. XVIII ғасырда ол поляк сөздігіне тіркелген. Бірақ Польшада мемлекеттік рәміз «herb» емес, «godło» деп аталады. Бұл тілдік айырмашылық геральдикалық қалқандағы белгі мен мемлекеттің ресми символын нақты ажыратуға мүмкіндік береді.
Сұлтан Оразаевтың пайымынша, қазіргі кезеңдегі басты міндет – өңірлік нышандарды жүйелеу. Бір аймақта кеңестік өндірістік белгілер сақталса, енді бірінде табиғи ресурстар немесе жануарлар бейнеленген. Стильдік және мазмұндық ала-құлалық тарихи сабақтастық пен құқықтық талаптарды ескере отырып реттелуге тиіс. Кеңес Одағы тарағаннан кейін посткеңестік елдер әртүрлі бағыт таңдады. Ресей патшалық дәуірдегі рәміздерін қалпына келтірді. Латвия, Литва, Эстония тарихи кезеңдегі нышандарын қайта жаңғыртты. Ал Орталық Азия елдерінде классикалық еуропалық геральдика, кеңестік символика және жергілікті дәстүрлі таңбалық жүйе арасындағы үйлестіру үдерісі жүріп жатыр.
Сұлтан Оразаев таңбалық жүйе мен геральдиканың тарихи айырмашылығы туралы айтып берді: «Таңбалық жүйе адамзат өркениетінің өте ерте кезеңінен бар. Ежелгі Египетте, Хетт мемлекетінде, Римде, Грецияда, сондай-ақ Сақ пен Ғұн тайпаларында әртүрлі таңбалар қолданылған. Яғни белгі қою, өзіңді айқындау мәдениеті ежелден қалыптасқан. Ал геральдика – осы таңбалық жүйенің ортағасырлық Еуропада ерекше мәдени институт ретінде қалыптасқан түрі. Геральдиканың пайда болуы Еуропада феодализм дәуірінің орнығуымен тікелей байланысты. Жер феодалдарға бөлініп берілді, әр феодал өз жерінен түскен табыс есебінен әскер жасақтап, корольдің жорықтарына қатысуға міндеттелді. Осылайша жабық әскери корпорациялар пайда болды. Әскердің негізгі күші – рыцарьлық атты әскер еді. Әскери аристократия ішінде өзін даралайтын, тектік мәртебесін білдіретін айрықша белгілер қажет болды. Қалқанға салынған таңбалар бірте-бірте құқықтық және мұрагерлік мағынаға ие болып, геральдика қалыптасты. Шығыс елдерінде мұндай үрдістің бастапқы элементтерін Селжұқтар мен Саманилер дәуіріндегі «икта» иелерімен байланыстыруға болады. Бірақ түркілердің жалдамалы әскер құру дәстүрі және Шыңғысхан жорықтары нәтижесінде бұл аймақта Еуропадағыдай жабық, мұрагерлік әскери корпорациялар тұрақты түрде қалыптасып үлгермеді. Сондықтан классикалық геральдика Шығыста институционалдық деңгейде орныққан жоқ. Геральдика орыс жеріне XVII ғасырда І Петрдің еуропалық реформалары арқылы келді. Ал қазақ даласына жеке геральдикалық таңбаларды Ресей билігі XIX ғасырда тарата бастады. Кейбір қазақ сұлтандары ресми герб алып, өздерінің аристократиялық мәртебесін бекітті».
«Геральдикадағы ең үлкен ғылыми проблеманың бірі – мағына мәселесі, – дейді маман. – Әр адам өзінің геральдикалық белгісін жасағанда оған белгілі бір ой салады. Бірақ сол мағына автордың түсіндіруімен ғана шектелуі мүмкін. Мысалы, Германиядағы гербтегі қасқыр мен Франциядағы қасқыр бейнесі бірдей символ емес, олардың тарихи контексті әртүрлі. Сондықтан кез келген таңбаны талдағанда оның контексіне қарауымыз керек: автор не айтқысы келді, ол оны қалай түсіндірді, қандай тарихи жағдайда пайда болды – соның бәрін ескеру қажет».
Геральдикалық зерттеулер орталығының Зерттеу және сараптама бөлімі басшысы Асылжан Бижанов геральдиканың пайда болуы мен тарихи дамуын нақты деректермен түсіндірді. «2024 жылғы 30 қазанда Мәдениет және ақпарат министрінің №503-НҚ бұйрығымен өңірлік нышандарды әзірлеу қағидалары бекітілді. Осы құжатқа сәйкес, өңірлік герб пен ту жобаларын әзірлеу кезінде діни, рулық және тайпалық белгілерді пайдалануға тыйым салынған. Нышан бүкіл өңір халқын біріктіретін, жалпыұлттық мазмұндағы рәміз болуға тиіс. 503-НҚ бұйрыққа сәйкес, 2024 жылдан бастап барлық облыс пен аймақтың өңірлік нышандары Министрлік жанындағы Геральдикалық сараптамалық кеңестің қарауына ұсынылады. Бұрын бекітілген нышандар да жаңа талаптарға сәйкестігі бойынша Геральдикалық зерттеулер орталығына және сараптамалық комиссияға жолданады. Егер нышан талаптарға сай деп танылса – қолданыста қалады. Ал сәйкессіздік анықталған жағдайда, сараптамалық қорытынды беріліп, түзету енгізу үшін кері қайтарылады. Қайта қаралып, жетілдірілген нұсқалар бар», – дейді маман.
Маманның айтуынша, 17 облыс, 3 республикалық маңызы бар қала бойынша сараптамалық ұсыныстар жасалған. Кей өңірлерде геральдикалық тұжырымдаманы толық қайта қарау қажет деп танылса, кейбірінде жекелеген элементтерін нақтылау немесе түзету жеткілікті деп көрсетілді. Өңірлік нышандарды жүйелеу мәселесі Президенттің тапсырмасымен күн тәртібіне шықты. Бұл тақырып 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда да көтерілді. Мақсат – ұлттық бірегейлікке сәйкес келетін, мазмұндық және стильдік тұрғыдан біріздендірілген өңірлік рәміздер жүйесін қалыптастыру.
«Қазір стильдік ала-құлалық бар: Ұлытау мен Абай облыстары атауды жазу үлгісінде (леттеринг) берген, бір өңірде шеңбер пішіні қолданылса, енді бірінде классикалық қалқан формасы пайдаланылған, Солтүстік Қазақстан облысының нышаны заманауи графикалық шешімде жасалған. Осы айырмашылықтарды геральдикалық талаптарға сай бір жүйеге келтіру – негізгі міндет», – дейді Асылжан Бижанов.
Қазақстан тәуелсіздік алғанымен, посткеңестік кеңістіктегі елдерде отарлық сана элементтері сақталып қалатыны туралы пікірлер жиі айтылады. Бұл мәселе геральдика саласында да көрініс табатынын мамандар атап өтеді. «Геральдика мәселесінде сыртқы үлгіні абсолюттік стандарт ретінде қабылдау дұрыс емес. Неге біз міндетті түрде еуропалық геральдиканы өлшем етуіміз керек? Әр тарихи кеңістіктің өз дәстүрі бар. Қазақ қоғамында таңбалық жүйе ежелден қалыптасқан. Ру таңбалары, әскери байрақтар болған. Дәстүрлі құрылымда тұрақты жалдамалы әскер емес, жорық кезінде жасақталатын әскер жүйесі болды, әр ру өз байрағының астында топтасты. Демек, біздің де өзіндік символдық мәдениетіміз бар. XVIII–XIX ғасырларда гербтік белгілер пайда бола бастады, бірақ олар ресейлік әкімшілік жүйенің ықпалымен қалыптасты. Бүгінгі міндет – ұлттық таңбалық дәстүрді тарихи негізде түсініп, оны сыртқы үлгілермен салыстырғанда өз болмысын сақтай отырып дамыту», – дейді Асылжан Бижанов.
Қазақ қоғамында таңбалық жүйе ертеден қалыптасқан. Ру таңбалары мен әскери байрақтар тек белгі емес, әлеуметтік және әскери ұйымдасудың бөлігі болды. Дәстүрлі қоғамда тұрақты жалдамалы әскер емес, жорық кезінде жасақталатын жасақ жүйесі болған. Әр ру өз таңбасын қолданған, ал әскери жасақтар байрағы арқылы танылған. Бұл – көшпелі қоғамның өзіндік символдық жүйесі.
«Қазақы түсінікте «мөр» ұғымы болған. Хандардың, батырлардың жеке мөрі бар еді. Ол классикалық еуропалық мағынадағы герб емес, бірақ мөр басу – биліктің, меншіктің және өкілеттіктің белгісі. Сол сияқты «теңге соқтыру» дәстүрі болды: хан өз атымен теңге шығарған. Бұл – саяси легитимділіктің көрінісі. Мал шаруашылығындағы ен-таңба салу арқылы меншікті айқындау да дәстүрлі таңба жүйесімен байланысты. Яғни біздің кеңістікте де геральдикалық мазмұндағы нышандар болған, бірақ олар еуропалық қалқан жүйесіне негізделмеген», – дейді маман.
Асылжан Бижанов Қазақстанда геральдист мамандарды арнайы дайындайтын оқу орны жоқ екенін айтады. «Геральдика қосалқы тарихи пән ретінде таңбаларды дереккөз ретінде қарастырады. Таңбалардың шығу тарихын, мәтіндік сипаттамасын зерттеп, түсіндірме береді», – дейді маман.
2020 жылға дейін қоғамда мемлекеттік рәміздер – Ту мен Елтаңба тек мемлекетке ғана тиесілі, ал жеке тұлғалар қолданса айыппұл салынады деген түсінік болды. Балконға ілу, үйдің алдына орналастыру секілді патриоттық мақсаттағы әрекеттердің өзі күмән тудыратын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен 2007 жылғы №873 қаулыға өзгерістер енгізіліп, Мемлекеттік Туды пайдалану аясы заңнамалық түрде кеңейтілді. Енді жеке және заңды тұлғалар Туды ғимараттарда, оның ішінде тұрғын үй балкондарында, салтанатты іс-шара өтетін орындарда патриоттық сезімді, бірегейлікті білдіру мақсатында орналастыра алады.
Сонымен бірге Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуға тиіс. Пішіні, түсі, өлшемі және техникалық талаптары бұзылған ту қолдануға жол берілмейді. Мемлекеттік Туды тек лицензиясы бар ұйымдар ғана дайындай алады. Стандартқа сай келмеген жағдайда ол белгіленген тәртіппен ауыстырылып, жойылуы керек. Кей жағдайларда рәміздерді қолдануға байланысты түсінбеушіліктер туындап, түсініктеме жазу немесе сот қарауына дейін жеткен жағдайлар болған. Мұндай істерде соттар әрбір фактіні жеке қарайды. Осыған байланысты Геральдикалық зерттеулер орталығы республикалық мемлекеттік мекемесі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өңірлерге шығып мемлекеттік қызметкерлерге, университет студенттері мен мектеп оқушыларына 100–200 адамға дейін қамтитын дәрістер өткізіліп, үш бағытта ақпарат беріледі: мемлекеттік рәміздердің тарихы, оларды пайдалану тәртібі және рәміздерге қатысты жауапкершілік нормалары. «Біз рәміздерді тек мереке күндері ғана еске алмауымыз керек. Қай елде болсын, ұлттық рәміздер күнделікті өмірде, спорттық жарыстарда, мәдени іс-шараларда ерекше орын алады. Біз де осы жағын күшейтіп, жастар үшін рәміздерді құрметтеуді қалыпты дүниеге айналдыруымыз қажет», – дейді Асылжан Бижанов. Бесінші Ұлттық құрылтайда Президент Қасым–Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерге салғырт қарауға болмайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы Туды дұрыс пайдаланатын отаншыл азаматтарды қолдау керегін айтып, рәміздер – ел бірлігі мен мемлекеттіліктің айқын белгісі екенін еске салды. Сонымен бірге заң талаптарын орындау міндетті екенін нақтылады. Рәміздерді пайдалану тәртібін бұзу «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 458-бабымен реттеледі. Заңсыз пайдалану 50 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеледі, қайталанған жағдайда – 100 АЕК. Ал мемлекеттік рәміздерді қорлау Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес жауапкершілікке жатады: айыппұл 3 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылған, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу не айыру жазасы көзделген.
Мамандардың пікірінше, мәселе тек жазалау шарасында емес. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану – құқықтық мәдениеттің көрсеткіші. Туды іліп қою – символикалық әрекет қана емес, ол азаматтың елге деген шынайы құрметі мен ықыласын білдіреді. Рәмізді құрметтеу мен заңды сақтау қатар жүргенде ғана ол ұлттық бірліктің шынайы белгісіне айналады.



