«Геральдикалық зерттеулер орталығы» «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясы аясында Астана қаласындағы Ә. Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейде мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған семинар ұйымдастырды.
Семинар мақсаты – мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен олардың маңызын түсіндіріп, оқушыларды отаншылдыққа баулу.
Іс-шара барысында қатысушылар «Геральдикалық зерттеулер орталығының» қызметімен танысып, рәміздерді пайдалану тәртібі мен заңнамада көзделген жауапкершілік түрлері туралы маңызды ақпарат алды.
«Рәміздерге деген құрмет мектеп қабырғасынан басталады. Патриотизмнің бойға сіңуі осы кезеңде қалыптасады. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің белгісі. Сондықтан қастерлі құндылықтарымызға бала кезден бастап құрметпен қарауымыз керек», – деді орталық басшысы Шерхан Талапұлы.
Сондай-ақ, семинар аясында ұйымдастырылған сұрақ-жауап ойынына белсенді қатысқан оқушыларға арнайы сыйлықтар мен төсбелгілер табыс етілді.
Кездесу соңында Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей директоры Қадырғазы Қамалұлы орталық ұжымына алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясы – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға мақсат етеді.

