«Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі

«Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен көпжылдық адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасының электр энергетикасы кешенін дамыту және басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын, электр энергетикасы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан электр энергетикасы саласының кәсіпқойлығы жоғары қызметкерлері, білім беру, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытудағы елеулі үлесі үшін электр энергетикасы бейінінің білім беру және ғылыми мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ электр энергетикасы кешені еңбеккерінің жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы кешенін дамытуға жеке үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.

«ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН» медалі диаметрі 32 мм, қалыңдығы 2 мм шеңбер нысанында мыс пен никельдің қорытпасынан жасалады.

Медальдің бет жағының төменгі бөлігінде электр энергия желілері және су электр станциясының бедерлі бейнелері орналасқан, жоғарғы бөлігінде электр станциясының бедерлі бейнесі орналасқан, сол және оң жағында көк металлдан жасалған ұлттық ою түріндегі бедерлі бейнелер орналасқан. Бұл композиция бедері күңгірттелген дөңгелек нысанды жолақпен жиектелген.

Медальдің бет жағында шеттерін бойлай шеңбер түрінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», «ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН» деген мәтін бар.

Медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 25 мм және биіктігі 15 мм көгілдір түсті қатқыл лентамен қапталған, төменгі жағында лавр бұтақтары орналасқан тікбұрышты тағанмен жалғанады.

Медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.