Жаңалықтар

Көкшетау қаласында мемлекеттік рәміздерге қатысты заң талаптары түсіндірілді

Көкшетау қаласында мемлекеттік рәміздерге қатысты семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранына қатысты заң талаптарын түсіндіру, ұлттық стаinfo@qazgeraldika.kzндарттарды сақтау мәселелеріне назар аудару.

Семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы, сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті өкілдері сөз алып, осы саладағы бақылау мен жауапкершілік тетіктерін нақтылауға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Іс-шараға Ақмола облысындағы басқармалар мен департаменттердің, аумақтық инспекциялардың, Көкшетау қаласындағы мемлекеттік құрылымдар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев мемлекеттік рәміздер заңмен бекітілген талаптарға сай қолданылуы тиіс және бұл қоғамдық мәдениеттің маңызды көрсеткіші болып саналады. Оның мәлімдеуінше, рәміздерге құрметпен қарау – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі, мемлекеттік рәміздер – ел егемендігінің басты белгілері.

Өз кезегінде Геральдикалық зерттеулер орталығы талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов мемлекеттік рәміздерді қолдану Конституциямен және арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттелетінін түсіндірді. Ол Үкіметтің №873 қаулысы мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен пайдалану талаптарын айқындайтын негізгі құжаттардың бірі екенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелердегі Ту мен Елтаңбаның орналасу тәртібіне ерекше тоқталу қажет екенін жеткізді.

Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижановтың баяндауынша, барлық мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында Мемлекеттік Ту мен Елтаңба міндетті түрде орнатылуы тиіс. Сондай-ақ рәміздердің сыртқы келбетінің талапқа сай болуы, ластанбауы аса маңызды. Бұл тұрақты түрде бақылауды қажет етеді.

Семинар аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысы Ербол Оспанов ұлттық стандарттардың сақталуы керектігін тілге тиек етті. Ол департамент тарапынан өндірушілердің белгіленген талаптарды орындауына қатаң бақылау жүргізілетінін атап өтіп, бұл жұмыс мемлекеттік рәміздердің сапалы әрі заңға сай дайындалуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Роза Хасенова қозғалған мәселелер бойынша аталған облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде жиі кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.

(Материал Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған ақпарат негізінде дайындалды)

Пікір қалдыру