Бүгін Ұлттық музей қабырғасында «Қазақстанның мәдени мұрасы: археология және қоғамдық ғылымдардың өзара үндестігі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен ҚР Ұлттық музейінің бірлесуімен, «Ғылым қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.
Жиынға отандық ғалымдар, тарихшылар, археологтар, мәдениет саласының мамандары мен мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын кешенді түрде зерттеудің өзекті мәселелерін ортаға салу, археология мен қоғамдық ғылымдар арасындағы пәнаралық байланысты нығайту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу нәтижелерін практикада тиімді қолдану жолдарын қарастыру.
Спикерлер тарихи-мәдени мұраны сақтау, оны кең көлемде насихаттау және жас ұрпаққа жеткізудің тың тетіктерін ұсынды. Сонымен қатар, заманауи ғылыми әдістерді қолдану арқылы археологиялық зерттеулердің сапасын арттыру мәселесі де сөз болды.
Іс-шара қорытындысында ғылыми қауымдастықтың мәдени мұраны сақтау бағытындағы бірлескен бастамаларын қолдау қажеттігі атап өтілді.
