Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
– Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Сербия Президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтып, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне тоқталды.
– Бұл марапат маған өзара байланыстарымызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауапкершілік жүктейді. Келешек ұрпақтың игілігі үшін Сербия мен Қазақстанның достығы нығая беруіне тілектеспін, – деді Александр Вучич.

