Жаңалықтар

«Рәміздерге құрмет» акциясы аясында танымдық семинар өтті

Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде танымдық семинар өтті. «Рәміздерге құрмет» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсат-міндеті – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру. Осы іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері мен оқушылар қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балжан Нарбек іс-шараның мән-маңызына тоқталып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру керектігін айтты.

Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов орталықтың негізгі қызметі туралы баяндап, қазіргі таңда қазақ геральдикасының тарихын зерделеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану, насихаттау мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған қоса мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі туралы баяндады.

Талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихы, символикалық мағынасы және қолданылу тәртібі туралы кең көлемде мағлұмат берді. Сонымен қатар мұндай семинарлардың азаматтық қоғамды дамытудың нақты тетіктерін айқындауға және тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын жеткізді.

Жиын соңында мектеп қызметкерлеріне, оқушыларға естелік сыйлықтар, төсбелгілер берілді. Мектеп директорының орынбасары Балжан Полатбекқызы Геральдикалық зерттеулер орталығының ұжымына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, бұл семинар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру бағытындағы маңызды бастама.

Пікір қалдыру