Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.
– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Біртұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді. Наурыз айындағы конституциялық реформа – соның айқын дәлелі. Саяси науқан кезінде біз ең алдымен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, тарихи таңдауымызды жасадық. Бәріміз бір ел болып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Мұны ұлт болашағына тікелей ықпал ететін аса маңызды шешім десек, қате болмайды, – деді Президент.
Президент егемен еліміз Қарулы күштерге зор сенім артып отырғанына тоқталды
– Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқарушылар қатерден қаймықпай азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауынгерлеріміз күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.




