Жаңалықтар

«Жетпіске келген шешелеріміз бұтына шалбар киіп жүр. Мәсіні ұмыта бастадық» — ғалым Айгүл Ермекова

Атам қазақтың салт-сана, әдет-ғұрып өлшемі—сонау ықылым заманнан бері қалыптасып, ұлттық шеңберде көркемделіп, бір жүйеге тоғысқаны белгілі. Көшпелі кезде аң терісі мен мал терісін киімге көбірек пайдаланса, беріректе жүннен, оның ішінде түбіттен иіріліп, тоқылған тоқыма киімдердің түр-түрін шығарғаны мәлім. Мысалы, тері шалбар, кеудеше, кебенек, жадағай, шапан, шекпен, ішік, қамқап, тон, шалма орамал, тайжақы (құлын терісінен иленіп, астарланған күзде, көктемде киетін ішік), тағы басқа киімдердің сан-алуанына мал терісі мен жүнін пайдаланған. Сонымен бірге, теріден бөрік, саптама етік, түзу және қисық табан етік, мәсі, кебіс, шәркей, шоқай, шарық, бекі, байпақ, тағы басқаларын әсемдеп тіккен шеберлер көп болған, әлі күнге дейін сиректеу болса да кездеседі.

Тіпті еліміздің Батыс өлкесінде әйелдердің биік өкшелі, сүйір тұмсықты, көксауыр кебісі, сапалы былғарыдан сірісіне жез немесе күміс қондырған биік өкшелі Кәкима аталатын етікті көріп, таңғалғанмын. Мұны жас шамасы әлі отызға жетпеген шебер жігіт қиюластыра тігіп, өзінің көрмесіне қойған, жанына күмістелген, күміс жапқан Дембет белбеу мен көн теріден жасалған қалың, жалпақ белдікті іліпті. Екі белбеудің де доғалары айрықша оймышталған, көруге көз керек. Әрине, сатылым бағалары әжептәуір!

Қобыланды батырдың Құртқа сұлуға:

… Кісе белбеу ілінбей тұр көзіме,

Мән бер Құртқа менің айтқан сөзіме!

Алдаспаным кісеменен бірге еді,

Кеше ғана бас иіп-ем өзіне,—

деуі кісе белбеу қару-жарақ ілетін белдіктің ең көне түрі екенін дәлелдейді. Сонымен бірге, бұл тері белбеу кезінде адамның әлеуметтік дәрежесін көрсететін сәндік белбеу болғаны да тарихтан белгілі.

Данышпан Абайдың «Ескілік киімі» өлеңінің бір шумағына зер салсақ:

… Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

Үлкен кісе белімде жез салдырған,

Шақпағым, дәндекуім жарқ-жұрқ етіп,—

деп толғауы—өткен ғасырлардың өрнекті өмірін көз алдымызға елестеді. Бұл шумақты атап-атап талдаудың еш қажеті жоқ, бәрі қолмен қойып, көңілге тоқығандай.

Күні кешеге дейін ауылда киіз басу, оның ішінде төрт қабат, бес қабат текеметтің бір бетін ою-өрнектеу аса күрделі жұмыс боп есептелінді. Біз бала кезімізде оны көре қалдық. Ол кезде қазіргідей емес, жүн аса бағалы тауар еді, әсіресе, түйенің шудасы мен биязы жүні, қойдың жабағысы мен күзем жүні, ешкінің түбіті мезгілінде қырқылатын, жүнделетін. Міне отыз жылдан асты, бұл бағалы тауар назардан тыс қалды. Бірен-саран болмаса, текемет басылмайды, басқұр, уық бау, кереге басы бауы, алаша дегендер тек жүннен дүниеге келетіні, естен шығып бара жатқанға ұқсайды. Өйткені, кілемнің түр-түрі сауда да лық толы. Жаппай киіз үйді пайдаланатын малшылар қауымы—сирексіп қалды. Басқа көрші мемлекеттерді білмеймін, ал Қазақстанда жүн, тері қабылдайтын пункттер жоқтың қасы.

Ол кезде, тіпті кілем тоқитын шешейді көріп, сүйсінгенім бар-ды. Ендігі сөзімізді ою-өрнектің түп атасы қайдан шықты, оның әсемдігі, көз тартар, құбылмалығына бұрып көрейік:

Көшпелі халықтың негізгі байлығы төрт түлік мал. Қысы-жазғы тұрағы киіз үй. Мысалы, Маңғыстау өңірінде екі ақбоз үйді бір-біріне шендестіре, тақастыра тігеді де, ортадағы бір керегені алып, есік шығарады, сонда біріншісі ақбоз үй, екіншісі, жатын үй. Сонда бұл екі киіз үй қыста боранға төтеп береді (бірінші, ауыз үйге от жағылады) ал, жаз бойы ыстыққа төтеп береді. Сонда алты, сегіз қанаттан үзікті екі үйге, аяқ киіз, туырлық, үзікке қанша киіз керек. Қойдың жабағысын жуып кептіру, оны шыбықтап түту, оны шидің үстіне салып, орап білектеу, қарпу, егер текеметке арналған болса, ою-өрнекті үйлестіре салу, қым-қуат, қызу жұмыс, кемінде бес-алты әйел білек сыбануы керек.

Классик жазушымыз Сәбит Мұқановтың айтуынша, ою-өрнек қазақ—қазақ ұлты болып қалыптасқасын—бұл өнер өздерімен бірге жасасып келе жатқан ежелгі дәстүрлі құбылыс көрінеді. «Әйтпесе, құр сөз негізсіз, шамамен жыл санауымыздан кейінгі екінші ғасырдан бастап, қазақ ұлты атойлап алға шықты», дейді де қайран Сәбең өлеңдетіп жібереді.

… Ою-өрнек текеметтің түр-түсі,

Қошқар мүйіз, сынық мүйіз, қос мүйіз!

Ойлап тапты-ау, осыларды бір кісі,

Көз талдырар қарағанда түс киіз!

Сынық мүйіз, өркеш мүйіз, төрт құлақ,

Түйе табан, сыңар өкше, құс қанат.

Жаңа заман жасаймын деп жақсырақ,

Ұлтым менің топтасты ғой бас құрап…

Қайран Сәбең ою-өрнектерді осылайша сөйлетіп, осылайша толғайды. Ауылда туып, ауылда өсіп-өнгендіктен текеметке, алаша, көрпешіктерге көзіміз қанық. Негізінен аудан, ауыл көлемінде ою-өрнектен көбіне-көп қошқар мүйіз, қос мүйіз, түйе табан көбірек орын алады. Жоғары да айтқанымдай, бүгінгі күні текемет, жалпы киіз басу өте сирек, кейде ойлаймын, енді біраз жылдар өткенде, «Текемет деген не өзі», деген сұрақ туындайтын шығар деп.

Ал жалпы киімге, оның ішінде аяқкиімге ою-өрнек орналастыру—қарқынды жүріп жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Сәл ертеректе сексенінші жылдарда, мысалға, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған өңірінде шебер, бармағынан бал таматын етікшілер, қолөнермен айналысатындар аз-мұз болса да бар еді. Ал бұл күнде—аяқ киім жөндеп беретіндер болмаса, нағыз өнер иелері кемде-кем. Мен мектепте оқып жүргенде, аталарымыз, шешелеріміз мәсі киетін-ді. Түзге шықса, мәсінің өз галошы бар, көбіне-көп менің көргендерім жай құрымнан тігілген мәсі—аяқкиім дүкенінде сатылады. Бірен-саран ғана, қонышында қос мүйіз, түйе табан, өркеш мүйіз айшықтары өрнектелген мәсілер қадау-қадау. Жетпіске келген шешелеріміз бұтына шалбар киіп жүргенде мәсі бара-бара саптан шығып қалмаса деп ойлаймын, кейде.

Ата-бабаларымыз тері мен киіз өңдеуді, оларды әртүрлі түске бояуды—ежелден білетіні аян. Киіз бен былғарыға өрнек басу, құрақ құрау және оюлап тігу техникасын шебер меңгерген: «Қазақтардың шекпендері қойдың жүнінен тоқылып, әртүрлі түске боялады да, атластан тігілген шапандардан айнымай қалады. Бұл шекпендер Бұхарға жіберілетін, олардың әрі жұқа болатындығы сонша, жәрмеңке-базарда тез сатылып кетеді, тіпті атлас шапандардан құны артық болады. Ал жаңбырдан, суық желден қорғанатын шекпендер де жүннен тоқылып, әртүрлі әліптермен көркемделеді, етегі мен жеңіне «құс қанаты», «қос алқа» ою-өрнектері бедерлене айшықталып, көздің жауын алады. Бір ғажабы—осы шекпендерден су өтпейді…», —дейді В. В. Бартольд өзінің «Жетісу тарихы туралы» еңбегінде.

ХV-XVI ғасырда елімізде ағаш шеберлерінің өнері тым асқақ болғаны туралы дерек-көздері молшылық екеніне аз-кем тоқтала кетудің әбестігі болмас. Ағаш шеберлері—қайыңның түбірінен бітімі әдемі, әртүрлі ою-өрнекпен мол безендірілген тостағандар, қымыз құятын әдемі ожаулар, күміспен күптелген түрлі-түсті тастармен мейілінше айшықталған үлкен дөңгелек шаралар, шай жабдықтарына арналған ағаш кеселер жасауды шебер меңгерген. Сондай-ақ мыс құмыралар мен металдан ойып әшекейленген жалпақ ыдыстар, арқардың, бұғының, тау ешкісінің мүйіздерінен істелген қол өнерін шыңға шығарып дамытқан. Бұлар жеп-жеңіл, қонымды, әрі өтімді болған.

Ою-өрнек молшылықтың, берекенің белгісі ретінде қошқар мүйізді, құс тұмсықты, құсқанат, арқар мүйіз, қаз табан, сыңар мүйізді, түйе табан тағы басқа белгілерді қолданған. «Түйе табан» оюы алыс жолға шыққан жолаушының шалбарының балағы немесе етігіне өрнектелген.

Төрт түліктің терісінен ерлерге және әйелдерге арналып тігілген етік, кебістер—ою-өрнектеліп, әшекейлермен безендірілген. Сондай-ақ, ат әбзелдерін ою-өрнектеп, тіпті тоқым асты терліктерді де әшекейлеп тігіп, оларға көбіне-көп «сыңар мүйіз», «қаз табан», «түйе табан» оюларын қолданғаны ғажап емес пе! Сондықтан ғой, ақын Шернияз Жарылғасұлының:

… Қас жүйрікте кемдік жоқ,

Дүбірді қосып, дүбірге,

Оза шауып, бәйге алған!

Қас шеберде кемдік жоқ,

Алтыннан түйіп түйінді,

Астана жұрты таңғалған!

Күміс пен қола өрнек боп,

Қажет тұсқа жайланған!—

деп термелеуі жайдан-жай емес екені белгілі боп тұр. Кешегі аты-шулы Шорманның Мұстафасында—алтынмен апталып, ою-өрнектелген ертұрман, күміспен күптеліп, ою-өрнектелген ертұрман, сонан соң алтын, күміспен безендірілген бас киім мен шапан, шоңқима етік, кебіс болыпты дейді. Аңыз емес, рас шығар! Қарқаралы оязында  Есен-аман есімді шебер өмір сүріпті дейді, ғажап, қыдыр дарыған, әрі құмалақшы, әрі ағаштан да темірден де, алтын мен күмістен де түйін түйген шебердің шебері екен.

Сәл жалғастырсақ, XV ғасырдың екінші жартысында қазақ елінде қолөнер қарқын алып, дамығаны, өрісінің кеңейгені ежелгі тарихтан белгілі. Сол кезде кілемнің бірнеше түрі—атап айтсақ, ұзын түкті, қоңыр, қызыл-көкшіл; ақ және қызыл түсті түксіз, екі бетті кілемдер тоқылыпты. Бұлар сапасының жоғары және көркемдік нәзіктілігімен ерекшеленіпті де, айрықша сұранысқа ие болыпты. Кілемдерде ою-өрнектің «Қос алқа», «төрт құлақ», «сыңар өкше», «құс қанаты», «қаз табан» түрлері асқан мәртебеге, көзді арбар сиқырлыққа, «па, шіркін-ай», деген дәмді сөзге ие болғаны сөзсіз. Өйткені, киіздер, текеметтер, шекпен, жадағайлар, қымбат ішік-жарғақтар, кілемнің түрлері—кідіріссіз, Бұхара, Хиуа, Үргеніш, Ресейдегі жәрмеңке-базарларға жөнелтіліп, олар сол барған бойда сатылып кетеді екен, себебі, мүлікке сұраныс өте жоғары дәрежеде болған.

Өрнектің ұлтымыздың діни рәсімінде алатын орны жоғары. Өйткені, әрбір өрнек—кестенің өзіндік айтар ойы, мағынасы, құпиясы бар. Мысалы, ұзатылған қыздың бір жыл өткенде төркіндеп келгенде киген киімінде (кәжекейі, көйлегі) құс бейнесі өрнектелсе, оның келін боп барған жұртында жақсы, уайымсыз тұрмысын көрсеткен. Осыған риза болған қыздың анасы, құдағиына «құдағи жүзік» сыйға тартқан екен.  Жалпы дәстүрімізде «құс тұмсық», «құс қанаты» өрнекті киім мен жүзік сыйлау, еркіндік, шарықтау, бақыт тілейтінін білдірген.

Өткенсіз, болашақ жоқ. Басқаны былай қойғанда қазақ ою-өрнектерінің жасампаздығы, бай мұрасы, мейілінше, алуан түрі, бір-бірімен сабақтастығы, қара мен қызыл күрең түстерді, көгілдір мен ашық түстерді үйлестірудің негізгі өлшемі. Әр түстің мәні мен мағынасын айқындау, мысалы, көк түс—аспанның; қызыл түс—оттың, күннің; ақ—ақиқаттың, қуаныштың, бақыттың; сары—парасаттың, уайымның; қара түс—қара жердің; жасыл түс—жастықтың, көктемнің символындай. Бабаларымыз, осы түстерді ұғына да, түсіне де білген. Сол арқылы ою-өрнектің шұрайын шығарып, әр түстің өз бояуын мән-мағынасында қолдануды ерекше мұқияттап, саралаған.

Халық шеберлерінің қалыптасқан  ою-өрнек салу тәсілдері сонау сақ заманынан бері белгілі бір ізбен үздіксіз жетілдірілуде. Ою-өрнектің ең көнесі «қошқар мүйіз» деп есептеледі. Осы элементтің әр түрге еніп, қайта құрылу негізінде «қос мүйіз», «түйе табан», «сыңар мүйіз», «қаз табан» сияқты өрнектер пайда болған.

Кесте төгу, ер-тұрманды әшекейлеу, ағаш бетіне күйдіріп ою салу, зергерлік, керамикалық заттарды өрнектеу, құрақ құрауда өзгерістерден байқауға болады.

Ендеше, бізде, бабамыздан қалған асыл текті мұраны жоғалтпауға тырысып, күш-қайратымызды, білімімізді жұмсайық!

А. Ермекова

Геральдикалық зерттеулер орталығы

Пікір қалдыру