Ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ербол Шаймерден – 1954 жылы 12 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, М. Дулатұлы атындағы сыйлықтың лауреаты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетін бітірген. «Солтүстік Қазақстан», «Жас Алаш» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет еткен. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры қызметін атқарған.
Ербол Шаймерденұлы саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнады. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қабылданған мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру ісіне айтулы үлес қосты, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше еңбек жазды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Шаймерденұлы әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырды, өлең кітаптары жарық көрді. Ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық жинақтары рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Жалпы алғанда 20-ға жуық кітаптың авторы атанды.
Олардың қатарында «Көңіл суреті» (1995 ж.), «Жүректегі жазулар» (2004 ж.) атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар» (1989 ж.), «Қазақ елінің рәміздері» (1993 ж.), «Елтану әліппесі» (1998 ж.), «Әз Астана» (1999 ж.), «Қазақстан Республикасының рәміздері» (2001 ж.), «Ақыл-ой антологиясы» (2004 ж.), «Қазақ афоризмдері» (2008 ж.), «Даналық дидары» (2002 ж.), «Мәңгілік мұрат» (2003 ж.), «Ақиқат айнасы» (2004 ж.), «Елтаным» (2005 ж.) және басқа туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімаланды.
Білікті аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалады. А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер сияқты философ қаламгерлердің бірқатар шығармаларын аударып, жариялады. Қазақ авторларының туындыларын орыс тіліне аударумен де шұғылданды.
Ербол Шаймерденұлы еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген танымал журналист. 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Баспасөз орталығының жетекшісі қызметін, 1991-1996 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарды. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып қызмет етті.
Ербол Шаймерденұлының сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. 2006 жылы ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып, 2011 жылы «Құрмет» орденімен наградталды. М.Дулатов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
Ол соңына өшпес мұра қалдырып, 2012 жылы өмірден өтті. Ербол Шаймерденұлының есімі қазақстандықтардың жадында әрдайым сақталады.
