Жаңалықтар

Бүгін Мемлекеттік Әнұранның авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні

28 қараша – қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, Мемлекеттік Әнұранның авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні. Биыл көрнекті ақынның туғанына 90 жыл толып отыр. Атаулы датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінде қаламгердің есімін ұлықтау, шығармашылығын насихаттау мақсатында көптеген іргелі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жұмекен ақынның шығармашылығы халқымыздың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігінің, ел мен жерге деген махаббатының көркем көрінісі. Ол қуатты өлең-жырларымен ұлттық поэзияға жаңа леп әкеліп, қазақ әдебиетін жаңа биікке көтерді.

Ақын есімін ұлықтап, оның шоқтығы биік шығармаларын өскелең ұрпаққа насихаттау – баршамыздың міндетіміз. Қаламгердің тағылымы мол туындылары ұрпақ жадында өшпес із қалдырып, уақытпен бірге жасай берері анық.

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов – 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы Құрманғазы ауданы Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді. 

Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның көптеген кітабы жарыққа шықты. 2012 жылы Ж. Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді. Қаламгер проза жанрында, аударма саласында қажырлы еңбек етті. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты.

2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Биыл 27 қараша күні Алматы қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген Жұмекен Нәжімеденовтің таңдамалы шығармалары жинақталған кітаптың тұсауы кесілді.

Пікір қалдыру