Сенат депутаттары “Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары туралы” заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады.
Құжат Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруге, олардың қоғамдық маңыздылығын арттыруға, наградаларға ұсыну тәртібін жетілдіруге, жаңа мемлекеттік наградаларды енгізуге және осы саладағы заңнаманың жекелеген ережелерін жаңартуға бағытталған.
Al-Farabi ордені білім мен ғылымда, мәдениет пен рухани өмір салаларында Қазақстан Республикасына сіңірген зор еңбегі және елеулі жетістіктері үшін беріледі. Бұл – интеллектуалдық еңбекке, ғылым мен білімге, мәдени дамуға мемлекет тарапынан берілетін жоғары бағаның көрінісі.
Qoja Ahmet Yassaui ордені Қазақстан Республикасының дамуына ерекше еңбек сіңірген отандық және шетелдік ғалымдарды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, сондай-ақ мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ағартушылық, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтарды наградтауға арналған. Бұл орден еліміздің тарихи-рухани сабақтастығын, түркі өркениеті кеңістігіндегі мәдени және гуманитарлық байланыстардың мәнін айқындайды.
“Мейірім” ордені жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытқан, қайырымдылық қызметке, оның ішінде меценаттық немесе филантропиялық қызметке қомақты үлес қосқан азаматтарды наградтауға мүмкіндік береді. Бұл бастама қоғамдағы жанашырлық, ізгілік және ортақ жауапкершілік құндылықтарын институционалдық деңгейде қолдауға бағытталған.
