Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен, Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер мен Конституция: құқықтық мемлекет пен ұлттық рухтың сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов ашып, мемлекеттік рәміздердің елдік сананы қалыптастырудағы, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөліне тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова Геральдикалық зерттеулер орталығының бүгінгі қызметіне оң баға беріп, жұмысты одан әрі жандандыру бағытындағы ұсыныстарды қолға алу қажеттігін атап өтті
Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Зада Оразғалиқызы Дүкенбаева тәуелсіздік символдарының тарихи жады мен ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызына тоқталып, жастардың рухани дамуы мәселесін көтерді. Ол әлемдік дамыған елдердің озық тәжірибесін игере отырып, Қазақстанды әлемге танытатын білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтіп, қатысушыларды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD докторы Гүлісхан Сайфулинқызы Нахбаева қазіргі жастардың цифрлық ортада белсенді екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, ұлттық нақыштағы киімдердің жастар арасында кеңінен танымал болуы ұлттық бірегейліктің нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшы Айдын Рысбекұлы ұлттық геральдиканың қалыптасу тарихы мен даму ерекшеліктері туралы баяндама жасап, мемлекеттік рәміздердің тарихи негіздеріне тоқталды.
Сондай-ақ, ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы мемлекеттік рәміздердің құқықтық мемлекет қалыптастырудағы, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және патриоттық тәрбиедегі маңызына тоқталды.
Іс-шара соңында Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Ерзатұлы Мырзаханов жиын барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлердің алдағы уақытта назарға алынатынын атап өтіп, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
