Жаңалықтар

Жетісуда «35 ауылдық округ – 35 Ту тұғыры» патриоттық акциясы өтті

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жетісу облысында елдік рухты асқақтатқан ауқымды шара ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған «35 ауылдық округ – 35 Ту тұғыры» патриоттық акциясы аясында облыстың аудан-қалаларындағы 35 ауылдық округте жаңа ту тұғырлары салтанатты түрде ашылды.

«Тәуелсіздіктің 35 жылдығына – 35 Ту тұғыры» бастамасы азаттықтың әр жылына тағзым жасап, Мемлекеттік Туға деген құрметтің нақты көрінісіне айналды. Жетісу жерінде жүзеге асқан игі жоба елдік пен еркіндіктің, бірлік пен болашаққа деген сенімнің символы ретінде бағалануда.

Акция барысында Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Қаратал, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласына қарасты 35 ауылдық округте бір мезетте Мемлекеттік Ту көкке көтерілді. Осылайша өңір тұрғындары еліміздің басты рәмізіне деген құрметін білдіріп, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын тағы бір мәрте айшықтады.

Биіктігі 20 метр болатын жаңа ту тұғырлары жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтерді. Бұл бастама туған жерге деген құрметтің, елге деген сүйіспеншіліктің және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болды.

35 ауылдық округте Мемлекеттік Тудың бір мезетте көкке көтерілуі Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған ерекше тарту әрі ел бірлігінің айқын көрінісі болды. Жаңадан бой көтерген 35 ту тұғыры Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік құндылықтарды нығайтуға қызмет ететін болады.

Пікір қалдыру