Жаңалықтар

Республика күніне орай «Егемендік – ел болашағының бастауы» атты дөңгелек үстел өтті

2025 жылғы 23 қазанда Астана қаласында ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапхана залында «Егемендік – ел болашағының бастауы» атты дөңгелек үстел өтті.

Республика күні мен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған жиынды Геральдикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – егемендіктің тарихи мәні мен құқықтық негіздерін кеңінен насихаттау, ұлттық рәміздердің идеологиялық әрі рухани маңызын айқындау және ел азаматтарының бойында патриоттық рухты нығайту.

Жиынға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар Тәуелсіздік тарихына тағылымды шолу жасап қана қоймай, егемендіктің мәнін бүгінгі күн тұрғысынан жан-жақты талдады.

Дөңгелек үстелді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Ибраим Бабаев ашып, егемендік декларациясының Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық негізін қалыптастырған тарихи шешім болғанын атап өтті. Ол егемендік ұғымының ұлттық санамызда тәуелсіздікке ұмтылған халықтың асқақ арманын айқындайтын құндылық екенін және қазіргі ұрпақ үшін оның тарихи маңызы артқанын айтты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің пайда болу тарихын баяндап, егемендік декларациясының қабылдануы ұлттық идеологияның рухани өзегіне айналғанын ерекше атап өтті.

– Республика күні – мен үшін өте қуанышты күн. Қазақстан – бақытты ел. Мемлекетіміз бүгінде әлемге танылды. Жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, ауқымды жоба-жоспарлар жүзеге асырылуда. Ел дамуындағы оң өзгерістерге куәміз. Мұның бәрі іргелі бастамалардың нәтижесі. Ел мәртебесінің арта беретініне сенімдімін, – деді Жандарбек Мәлібекұлы.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов құжаттың саяси-құқықтық салмағына тоқталып, оның Қазақстанды әлемдік қауымдастық мойындаған дербес мемлекет ретінде танылуына жол ашқанын айтты.

Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше үлес қосқан тұлғалар марапатталды.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов егемендік декларациясының қабылдану кезеңіне тарихи шолу жасап, оның тек саяси құжат қана емес, ұлттық сананы оятқан азаматтық батылдықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары, профессор Ақмарал Ибраева музейдің ұлттық рәміздер мен егемендік идеяларын насихаттаудағы ғылыми-ағартушылық рөліне тоқталды. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілі, PhD Алма Сайлауқызы егемендік пен мемлекеттік тілдің өзара сабақтастығын айқындап, тіл – тәуелсіздіктің басты тірегі екенін айтты. Тарихшы-ғалым, геральдист Айдын Рысбекұлы ұлттық геральдиканың даму жолы мен егемендік декларациясының идеологиялық маңызы туралы тың деректер ұсынып, рәміздердің ел бірлігін нығайтудағы рөлі туралы ойын ортаға салды.

Ашық пікірталас кезінде қатысушылар егемендіктің бүгінгі ұрпақ санасындағы орны, ұлттық бірегейлікті нығайту тетіктері және Республика күнін жалпыұлттық деңгейде атап өтудің маңызы жөнінде ой бөлісті. Іс-шараның егемендік идеяларын насихаттауға тың серпін бергені атап өтіліп, мемлекеттілік пен ұлттық мұраттарды дәріптейтін ағартушылық бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру жөнінде ұсыныстар білдірілді.

Пікір қалдыру